Енді мұғалімдер оқушылардың мектептен тыс өмірі мен денсаулығына жауап бермейді.
Бұл міндет ата-ананың мойнына жүктеледі. Бүгін Мәжіліс мұғалім мәртебесін арттыруға бағытталған заң жобасын қарауға алды. Құжатта педагогтардың құқығын қорғайтын тағы қандай өзгерістер бар?
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Мұғалім мәртебесі туралы заң жобасын бұрынғы бас ұстаз, қазіргі мәжілісмен Асхат Аймағамбетов таныстырды. Құжат қабылданса, педагогтардың жүктемесі айтарлықтай азайғалы тұр. Өйткені бұдан былай оқушылардың мектептен тыс өмірі мен денсаулығына мұғалім емес, ата-ананың өзі жауапты. Яғни ұстаздар қауымы бұрынғыдай әр баланың жүріс-тұрысын, әрбір әрекетін аңдып бас ауыртпайды. Ата-ананың беймезгіл уақытта жазған хаттары мен қоңырауына жауап беруге, рилс түсіріп, әлеуметтік желіні жүргізуге де міндетті емес. Осы секілді ұстаздарды құзыретіне жатпайтын сенбілік секілді жұмыстарға тартқандар айыппұл арқалайтын болады.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Егер ұстаздардан қажет етілмейтін, бекітілмеген есептерді сұраса, талап етсе, оларды құзыреттілігіне жатпайтын жұмыстарға тартса, субботниктерге салса, кішкентай мөлшерде болса да айыппұл салынса деген ұсыныс бар. Ол мектептің директоры болса директоры, білім басқармасы шешім қабылдаса білім басқармасы.
Ғылым саласы жанданады
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Мәжілісте білімнен кейін ғылым саласы да сөз болды. Ғалымдардың он жыл бойы көтерген мәселелелері тізілген заң жобасы тыңдалды. Бұл олардың құқықтық мәртебесі, қаржыландырудағы қиындықтар, Ұлттық ғылым академиясының жұмысын тұралатып тұрған проблемалар туралы.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Ғылыми гранттар негізінен үш жылға, яғни 36 айға жоспарланады. Алайда конкурстық рәсімдердің созылуына байланысты іс жүзінде ғылыми жоба алғашқы жылы қаңтарда емес, тіпті жылдың соңына қарай басталады. Соның салдарынан ғалымдар зерттеуді толық үш жыл емес, 2 жылға ғана жүргізеді.
Шерхан Абзалұлы, тілші:
- Енді ғалымдар кез келген оқу орнына еркін кіріп, зерттеуге арналған құрылғыларын пайдалана алады. Бұл ғылыми жұмыстардың сапасын арттыру үшін жасалған жағдай.
Үнзила Шапақ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Бір кездері бізде ғалымдарға назар аударылмай кетті. Олардың жұмыс істеп жатқан бағдарламасымен мемлекеттің дамып жатқан концепциясының арасында алшақтық пайда болды. Олар бір тақырыпты бекітіп алып сонымен айналысып жүреді. Сондықтан өндіріс пен ғалымның еңбегінің арасындағы байланысты нығайту мәселесі туындады. Міне осындай мәселелер бойынша, оларды бір-біріне жақындату мақсатында жұмыс істеп келе жатырмыз.
Тағы бір өзгеріс мемлекеттік мекемелердегі ғана емес, жекеменшік ұйымдардың ғалымдары да 56 күндік ақылы демалыс алу мүмкіндігіне ие болады. Ғылым ортақ, яғни оларға қойылатын талап та, құқық та тең болуы тиіс.
Шерхан Абзалұлы, Мерей Талап
Тегтер #мұғалім #мәртебе #заң жобасы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz