Жасанды интеллект соншалықты ақылды ма?
Бұл да қателесе ме? Қай кезде ағаттық жібереді?
Арқалықтан шыққан математик-ғалым, қазір Еуропада ғылым қуып жүрген Болыс Сәбитбек осыған жауап іздейді. Ол Бельгиядағы Гент университетінде зерттеу жүргізіп жатыр.
Болыс бакалавриат пен докторантураны Алматыдағы Қазақ ұлттық университетінде тәмамдаған. Магистратураны “Болашақ” бағдарламасымен АҚШ-та оқыған. Кейін Лондондағы Куин Мэриде еңбек етіп, тәжірибе жинайды. Қазір ол Бельгиядағы зерттеумен айналысатын әлемдік жетекші оқу орындарының бірі Гент университетінде ғылыми қызметкер. Оған қоса магистранттарға дәріс оқиды.
Болыс Сәбитбек, Гент университетінің ғылыми қызметкері:
- Қазіргі бағытым ол дифференциалды теңдеулер. Оның ішіндегі гиперболалық теңдеулер. Өте күрделі естілуі мүмкін. Бірақ ол ең қарапайым толқын теңдеулері, толқынның таралуы. Оған ең қарапайым мысал – дыбыс, дыбыстың таралуы, жаңғыруы.
Бұдан бөлек Болыс жасанды инттеллектің артында тұрған формулалар, модельдер және есептеу әдістеріне қызығушылық танытып жүр. Ол нейрожелілердің толық түсіндіріліп болмаған алгоритмдері қалай жұмыс істейтінін математикалық тұрғыда дәлелдегісі келеді. Университет басшылығы оның бұл ұмтылысына толық қолдау білдіреді. Әрі қазақстандық білім ордаларымен тығыз байланыс орнатып үлгерген.
Петра Де Суттер, Гент университетінің ректоры:
- Өткен жылы алғаш рет Қазақстанда іссапарда болғанымда елдің білім беру саласындағы қарқыны тәнті етті. Жоғарғы оқу орындарыңызбен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз. Қазірдің өзінде бірқатарымен ұзақ мерзімді әріптестік орнаттық. Профессорларымыз сіздерге тұрақты түрде барып тұрады.
Гент университеті академиялық алмасулармен шектелмей, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізуге, оның ішінде биотехнология, ауылшаруашылығы, жасанды интеллект және цифрландыру бойынша инновациялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдіріп отыр.
Роман Василенко, Қазақстанның Бельгиядағы елшісі:
- Гент университеті мен Алматыдағы Математика және математикалық модельдеу институты арасында әріптестік орнату мәселесі қарастырылуда. Жалпы, PhD докторларын даярлау бойынша ынтымақтастықты кеңейтуге арналған бастамалар да бар. Бұл жобалар “Болашақ” халықаралық бағдарламалар орталығымен бірлесіп пысықталуда.
Болыспен қатар Гентте тағы 2 отандық ғалым тағылымдамадан өтіп жатыр. Олар робототехника мен жасанды интелектіні елдегі шаруа қожалықтарына енгізгісі келеді. Болыс та болашақта елге оралып, әлемдік деңгейдегі жеке математика лабораториясын ашуды армандайды.
Ғалымжан Қараманұлы
Тегтер #Бельгия #жасанды интеллект жылы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz