Шымкентте білім беру ұйымдарына жасанды интеллект енгізіле бастады.
Мектеп мұғалімдері цифрлық технологияларды пайдаланып, сабақты қызықты әрі түсінікті етіп өткізуі тиіс, дейді жауаптылар. Әсіресе көру және есту қабілеті шектеулі балаларға инклюзивті білім беруде жаңа мүмкіндіктер ашылды. Қазір педагогтердің біліктілігін арттыруға басымдық беріліп отыр.
Математика пәнінің мұғалімі Маржан Сапарәлі күрделі құрылымдарды талдап, қиын есептерді шешуге қызықтыратын креативті әдістеме ұсынды. Енді оқушының білім көкжиегін кеңейтуге жасанды интеллект мүмкіндіктері пайдаланылады. Бүгінде ол өзге де ұстаздардың біліктілігін арттыруға көмектесіп жүр.
Маржан Сапарәлі, №30 О.Жандосов атындағы ЖОБМ математика пәнінің мұғалімі:
- Балалардың назары тез ауысып тұратын нәрселерге қызығады. Оларға бір санды тапсырма берсең жалыға бастайды және айналасына көп алаңдайды. Сондықтан түрлі суреттерді, сипаттамаларды пайдалана отырып күнделікті өмірмен байланыстыра отырып тапсырма беруге тырысамыз.
№30 мектептегі дәстүрлі сабақтар жаңа форматқа көшірілді. Интерактивті графика мен ойын элементтері оқу үрдісін жандандырып, оқушының назарын өзіне аударды. Осылайша жасанды интеллект ұстаз еңбегін жеңілдетіп қана қоймай, күрделі теорияларды қарапайым тілмен жеткізетін көмекші құралға айналуда.
Ерасыл Жолдасбек, №30 О.Жандосов атындағы ЖОБМ 10-сынып оқушысы:
- Мұғалімдердің сабақ өту барысында мен көптеген қызықты суреттермен, формулалардың арқасында сабақ үлгерімім өте жақсарды. Өйткені сабақ барысында мен үйде не болып жатқанын емес, осы сабаққа толық ойым ауып керекті білімдерді алдым.
Бұл жаңашылдық ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін де пайдалы. Сабақтарды әр оқушының қабылдау ерекшелігіне қарай бейімдеу арқылы инклюзивті ортаның мүмкіндігі кеңейді.
Лазира Битаева, №30 О.Жандосов атындағы ЖОБМ директорының орынбасары:
- Жасанды интеллект мұғалімдерді алмастырмайды. Мұғалімдерге бұл көмекші құрал ретінде пайдаланылады. Біз мектеп әкімшілігі тарапынан мұғалім сабақтарына еніп тұрамыз. Олардың қаншалықты деңгейде пайдаланып жатқандығын, көріп, бақылап отырамыз. Әсіресе көру, есту қабілеті шектеулі балаларға ақпараттың қолжетімділігі артты десек болады.
Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект жылына орай әдістемелік орталықтың арнайы жұмыс жоспары әзірленді. Енді педагогтердің кәсіби біліктілігін арттыруға көңіл бөлініп, инновациялық технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде.
Алмаз Жұбатаев, қалалық әдістемелік орталығының бөлім басшысы:
- Біздің әдістемелік орталықтың іс-шарасына бекітілген. Сондықтан бұл әр ай сайын 2-3 семинардан қойылып отыр. Біреуі тәжірибелік семинар, оқыту семинары немесе ақпараттық семинар. Бұның маңызы жаңа атап өткендей мұғалімдердің жұмысын оңтайландыру болып табылады.
Семинардың алғашқы апталығында 200-ден астам оқытушы жаңартылған білім жүйесін меңгерді. Жылдық жоспарға сәйкес, өңірдегі 33 мың педагог кәсіби біліктілігін арттыруға тиіс.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Мұсатов, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #жасанды интеллект жылы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz