RU
Толық нұсқаға өту

ChatGPT Edu жобасы іске қосылады

14.03.2026, 20:36 57

Ұстаздар енді ChatGPT-ді ашық түрде жұмыстарында көмекші құрал ретінде қолданбақ. Оқу-ағарту министрлігі ChatGPT Edu пилоттық жобасын іске қосуға дайындық жүргізіп жатыр.

Бұл қосымша сабаққа дайындалу кезінде жұмыс жоспарын құруға да, бірнеше минут ішінде материал, тапсырма, тест әзірлеуге де мүмкіндік береді.

Ебін тапсаң – емерсің. Ұстаздық жолға енді келген Жұлдыз Ардаққызы жаңа технологияның тілін тапқан маман. Сабақ барысында ол жасанды интеллектіні пайдаланып, тақырыпты оқушыларға қызықты жеткізеді. Мәселен, дүниетану сабағында Алтын адамның табылған өңірлерін картадан көрсетіп қана қоймай, ChatGPT арқылы суретімен бірге ұсынды. Айтуынша, жүйеге дұрыс нұсқау берсең, сабақтың жұмыс жоспарын да қысқа уақытта дайындап береді. Алайда ұстаз қолдану аясын кеңейту керектігін айтады.

Жұлдыз Ардаққызы, Астана қаласы №109 жалпы орта білім беру мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

– ChatGPT қолданамыз, бірақ мүмкіндіктері шектеулі. Көбінесе қолжетімділік ақылы түрде келеді. Фото жасауға 5 мүмкіндік беріледі, одан кейін қолдана алмай қаламыз. Келесі күнді күтеміз. ChatGPT-де фото мен анимацияны қазақ тілінде сөйлету қиындық тудырып жатыр. Өйткені қазақша бұрынғы сөздерге жүйенің тілі келмейді. Орысша ақпарат жазған кезде ғана толық нәтиже береді.

 «Заман саған үйлеспесе, сен замаңға үйлес». Білім саласы жаңа технологияларды белсенді қолдануда. Мәселен, ChatGPT жүйесін оқушы да, ұстаз да еркін пайдалана алады. Қиналғанда – көмекші, білмегенде – ақылшы. Енді бұл мүмкіндік білім беру жүйесінде одан әрі кеңеймек. Елде ChatGPT Edu пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Ол ұстаздарға бірнеше минуттың ішінде сабақ жоспарын құрып, тапсырмалар мен тесттер әзірлеуге мүмкіндік береді. Күрделі тақырыптарды қарапайым түсіндіріп, өмірлік мысалдар қолдануға көмектеседі. Сондай-ақ бағалауда тиімділігін көрсетпек.

Ердәулет Әліпбаев, ҚР ОАМ Цифрландыру және мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру департаментінің бас cарапшысы:

- Қазіргі уақытта Министрлік тарапынан жобаны іске асыру бойынша жол картасы бекітілді, өңірлер бойынша квоталар есептелді және жергілікті атқарушы органдарға жобада қатысатын педагогтердің тізімін қалыптастыру жөнінде хаттар жолданды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың 16 қаңтарында білім басқармаларымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Оқу-ағарту министрлігі ChatGPT Edu лицензиясының 100 мың квотасын: мектепке дейінгі ұйымдарға – 5 мың, орта білім беруге – 85 мың, колледждерге – 10 мың лицензия бөлді. Жылдың екінші жартысында тағы 100 мың педагогке ұсынылады. Сарапшы атап өткендей басты назар санға емес, ұстаздардың жүйені тиімді үйренуіне аударылады.

Айдос Жұманазар, сарапшы:

- Жалпы ұстаздардың арасында қоғамда да осындай проблема бар. Жаңа нәрсе – жаман нәрсе деген ұғым қалыптасып қалған. Кез келген жаңалыққа олар біршама күдікпен қарайды. Бұрын ақ бор, қара тақтамен де өтіп едік, бұның не керегі бар дегендей ой қалыптасқан. Ескілікті аңсаушы ұстаздар болуы мүмкін, егер олар жаңа технологияны қолданбаса, қолданатын ұстаздан әлдеқайда артта қалады. Сондықтан ұстаз қаншалықты қолданады, қаншалықты үйрене алады, осыны назарға алуымыз керек.

Білім саласында жасанды интеллект кезең-кезеңімен енгізілу үстінде. Әлемдік озық технологияларды тиімді қолданумен қатар барлық ақпараттарды бір арнаға тоғыстыру арқылы бақылау мен басқару тиімділігі артпақ.

Асылбек Ахметжанов, ҚР Оқу-ағарту вице-министрі:

- Қазіргі уақытта QazTech платформасының базасында Ұлттық білім беру дерекқоры жаңғыртылып жатыр. Ол электрондық күнделіктер үшін бірыңғай қоймаға айналып, білім алушылардың цифрлық профильдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар Ұлттық білім беру платформасы құрылатын болады.

Қазақстан үш жыл ішінде жаппай цифрлық елге айналмақ. Ал бұл мақсатқа жету үшін ChatGPT Edu сияқты жүйелер қосылып, тиімді қолданылса, нәтиже айқын болады.

Авторлары: Асылжан Құрманғали, Санжан Біргебаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz