RU
Толық нұсқаға өту

Көкшетауда роботтар арасында ұлттық ойындардан жарыс өтті

23.03.2026, 18:38 52

Оқушылар құрастырған құлтемірлер асық ату, арқан тартыс, тіпті теңге ілу, бәйге мен көкпар ойындары бойынша сынға түсті. Ұлыстың ұлы күніне орай ұйымдастырылған спорттық шараға 25 команда қатысты.

Алтыншы сынып оқушысы Дарын Қуаныш өзін шабандоз сезінеді. Өйткені оның құрастырған құлтемірі көкпар ойынына арналған. Ол осындай роботтар жарысына алғаш рет қатысып отыр. 

Дарын Қуаныш, оқушы:

- Мен бұл роботты 4 сағат құрастырған едім. Біз осы роботпен көкпарға қатысайын деп жатырмыз. Бір ерекшелігі, бұл затпен серкені алып, басқа командының қазандығына саламыз. 

Ал Диана мен Зеренің құрастырған роботы арқан тарту бағытында сынға түсті.  Оқушылар құлтемірді асқан ептілікпен жасаған. Кей құрылғыларын орнатуда жасанды интеллектінің элементтерін қолданған.

Диана Омарханова, оқушы:

- Осы роботтың алты моторы бар және он екі аяғы бар. Әр аяқты біз 3Д принтер арқылы және силикон арқылы істедік. Біз республикалық, облыстық және қалалық жарыстарға қатыстық. 

Роботтар сайысы өңірде жылда өтеді. Алайда ұйымдастырушылар биыл ұлттық ойындарға басымдық берген. Жалпы құлтемірлер 5 бағыт бойынша өзара мықтыны анықтады. Соның ішінде көкпар, теңге ілу және бәйге жарыстары алғаш рет ұйымдастырылған. Сондай-ақ жыл сайын қалалық деңгейде өтетін сайысқа биыл облыстың әр қиырынан құлтемір құрастыру шеберлері келген. 

Марат Көлбаев, информатика пәнінің мұғалімі:

- Елу баладан астам бала қатысып отыр. Бұл Көкшетау қаласы, Бурабай, Зеренді және Целиноград ауданынан келіп отыр. Негізгі мақсаты оқушыларға қазіргі өсіп келе жатқан ұрпаққа қазақтың ұлттық ойындарын дәріптеу. Бойларына сіңіру. Яғни жаңа технологиялар арқылы үйрету, зерттеу. 

Қазір өңірде құлтемір құрастыру ісі кең қанат жайып келеді. Аймақтағы білім ошақтарында 200-ден астам робототехника кабинеті бар. Онда 21 мыңнан астам бала тәлім алады. Бұдан бөлек, былтыр аймақта 126 мұғалім робот құрастыру ісінің оқу курсынан өтті. 

Авторлары: Абзал Азаматұлы, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz