RU
Толық нұсқаға өту

«Азамат» интеллектуалды телебағдарламасының екінші маусымына дайындық басталды

24.03.2026, 19:15 44

«Хабар» арнасы «Азамат» интеллектуалды бағдарламасының екінші маусымына дайындық кезеңін бастады.

Жоба «Qazaq Debate» қозғалысымен бірлесіп қолға алынған. Қазір қатысушыларға түрлі тақырыпта шеберлік сабақтары мен қажетті дәрістер беріліп жатыр. Бұл жоба түсірілімінің мінсіз өтуіне ғана емес, пікір-сайысшылардың жеке қасиеттерін дамытып, жеңіске деген жігерін оятады.

«Азамат» телевизиялық бағдарлама болғандықтан мінсіз дайындықты талап етеді. Сол себепті жоба ұйымдастырушылары қатысушылар үшін екі күннен бері шеберлік сабақтарын өткізіп жатыр. Кеше пікірсайысшыларға сахна тілі бойынша кәсіби актрисалар дәріс берсе, бүгін кәсіби дебатердің ақылын тыңдады.

Балжан Дәулет, «Азамат» интеллектуалды телебағдарламасының координаторы:

- Бүгін бізде білім жағынан, яғни пікірталастың форматы жағынан сабақтар өткізіліп жатыр. Ол жерде тақырып қалай ашылуы керек? Қандай мәселе қозғалуы керек? Ол мәселе қозғалғаннан кейін оны қалай шешу керек? Қалай қазыларға түсіндіру керек? Көрерменге қалай жеткізу керек деген сұрақтарға жауап берілді. Осы сабақтардан кейін қазір психологпен жұмыс болады. Яғни қатысушыларымыз студент болған соң бағдарлама алдында қобалжуы мүмкін, экран алдында қорқуы мүмкін.

Алайда дайындық жұмыстары былтыр күзде басталған. Алдын ала іріктеу кезеңінен еліміздің 100-ден астам жоғары оқу орны арасынан 32 университет өтті. 700-ге жуық студенттің ішінен 64 үздік пікірсайысшы таңдалып алынды. Олардың арасында былтырғы маусымда өнер көрсеткен тәжірибелі студенттер де бар.

Батыржан Сапарғали, «Азамат» интеллектуалды телебағдарламасының қатысушысы:

- Осы жылы іріктеу де қызық болды. Себебі бұл іріктеуге батыс өңірінен, Ақтөбе, Атырау, Ақтау, Орал, барлық өңірден ең мықты университетердің ең мықты пікірсайысшыларын алды. Сондықтан қызық болды. Мен де екінші маусымға өткеніме қуаныштымын. Енді осы жолы менде үміт жоғары. Себебі алдыңғы жылы ұшінші орын алғандықтан бұл жолы біздің планка да жоғары, талаптар да жоғары. Сондықтан осы жолы үшінші орынды емес, финалда ойнауды, бірінші орынды алуды мақсат көріп отырмын.

Алайда «Хабар» агенттігі үшін бұл жоба тек телевизиялық бағдарлама емес. Агенттік төрағасы Кемелбек Ойшыбаев «Азаматтың» тарихи миссиясына тоқталды.

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:

- Жобаның негізінде тарихи бір жақсы миссиясы бар. Қазіргі күнде кезінде сол 2000 жылдары осы жобаға қатысқан азаматтар белсенді, билік процестерінде, парламенттің ішінде өздерінің орындарын тапты. Сондықтан менің ойымша, бұл жоба жастарды болашақ саясаткерлерге тәрбилейтін жоба. Осы миссияны біз міндетті түрде жалғастыруымыз керек деген ойдамын. Болашақта ашық пікірсайысқа қатыса алатын жастарымыз көп болса, жалпы мемлекеттің жақсы бір тұғыры болады деп санаймын.

Азамат жобасының түсірілімі ертең басталады. Көзі қарақты көкремен бағдарламаны «Хабар» арнасынан жыл бойы тамашалап, жеңімпазды бірге анықтауына мүмкіндік алады.

Авторлары: Серік Селеубайұлы, Ақылбек Есімсейітов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz