RU
Толық нұсқаға өту

Жекеменшік мектептерге талап жоғарылайды

06.04.2026, 19:21 29

Оқу-ағарту министрлігі жекеменшік мектептерге қойылатын талаптарды күшейтпек. Енді олар мемлекеттік білім беру ұйымдарымен бірдей бірыңғай стандартқа сай жұмыс істеуі тиіс.

Сонымен қатар барлық білім беру мекемесінің қызметі толық цифрландырылады. Ведомствоның мәліметінше, бұл қадам мектептердің жұмысын ашық етіп, олардың заң талаптарына сәйкестігін тұрақты бақылауға мүмкіндік береді.

Елде жекеменшік мектептерге қойылар талап мемлекеттік стандартпен толық теңестірілмек. Енді қойма мен моншадан мектеп ашып, мемлекеттік бюджеттен қаржы алып отырған кәсіпкерлер қатаң бақыланады. Яғни мекеме стандартқа сай жабдықталуы тиіс. Бұл туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова айтты.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Министрлік жекеменшік мектептердің жұмысын мемлекеттік мектептердегідей қатаң стандартқа келтіруді көздеп отыр. Енді білім беру мекемелерінің жұмысы толық цифрландырылады. Бұл әр мектептің жұмысы мемлекет үшін ашық әрі заң талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз етеді. Кейбір кәсіпкерлер білім ордасын мектепке мүлдем лайық емес жерлерде бұрынғы қоймаларда, моншаларда ашқан. Тіпті кейбірінде балалар қағаз жүзінде тіркелгенімен, сабақ мүлдем өткізілмеген.

Министрдің айтуынша, бірқатар жекеменшік мектепте оқу бағдарламасы толық сақталмаған. Алғашқы әскери дайындық, дене шынықтыру сияқты міндетті пәндер атымен жоқ. Мұндай «мектептердің» ғимараттары да талапқа мүлдем сай келмейді. Ал тұрғындардың таңдауы қандай?

Министрлік талаптарды бұзған мектептерді мемлекеттік қаржыландырудан шеттетеді. Ғимараты толық жабдықталған, білікті педагогтары бар және мемлекеттік оқу бағдарламасының барлық талабын орындап отырған мектептерге ғана қаржылай қолдау беріледі. Осылайша, Жұлдыз Сүлейменова жекеменшік мектептер саласындағы өзгерістерді пайдаланып, көлеңкелі делдалдық ұйымдар құрып жүргендерге ескерту жасады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жарқын Өрден, Дмитрий Димитриев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz