Қазақстандық ғалымдар роботтарға адамға тән сезіну қабілетін дарытуды көздеп отыр. Nazarbayev University базасында мамандар ағзадағы жаңа түзілістерді ерте анықтауға мүмкіндік беретін арнайы «ақылды қолғап» әзірлеп жатыр.
Айта кетейік, қазір әлемде түрлі күрделі тапсырмаларды орындай алатын роботтар бар. Алайда олардың сезімталдығы әлі де толық дамымаған. Бұл жоба сол олқылықтың орнын толтыруға бағытталған.
Құлтемірлердің де құдыреті шексіз. Роботтар тек көріп, естіп қана қоймай, тірі жан секілді сезіне де алады. Мұндай тың жобамен қазір жас ғалым Жанат Қаппасов айналысып жатыр. Нақтырақ айтқанда, сезімтал қолғап жасау үстінде. Бұның көмегімен адам өз қолымен сезген дүниені цифрландарып, тиісті жүйеге жіберуге болады.
Жанат Қаппасов, NU робототехника кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
- Бұл – тактильді қолғапқа негізделген жоба. Біз адам терісінің сезімталдығын қайталай алатын арнайы құрылғы жасадық. Бұл қолғап дәрігерді алмастырмайды, керісінше жасанды интеллекттің көмегімен дәрігерге көмек көрсетеді. Яғни әйелдердің сүт безіндегі түрлі түзілістерді, соның ішінде қатерлі ісікті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Яғни дәрігер қолына осы қолғапты киеді де, тексеріс жүргізеді. Бұл 2017 жылы жасалған прототип. Қолғапты бұған дейін біз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа таныстырған болатынбыз.
Бұл құрылғы әзірге толық жұмысқа дайын емес. Бірқатар түзету жүргізіліп жатыр. Адамдарға сынақ жүргізу үшін тиісті рұқсат қажет. Алайда қазірдің өзінде бұл технология диагностиканы қолжетімді етіп, дәрігерге зор қолғабыс болатынын аңғартқан. Тың жобаны жасау үшін ғалымдар ұзақ жылдар бойы тер төккен. Қазір бұл іспен ғалымдармен қатар студенттер де белсенді айналысып жатыр.
Тоғжан Сырымова, NU робототехника департаментінің нұсқаушысы:
- Жалпы тактильді сезімдер саласы әлі де жетілдіру кезеңінде тұр. Қазіргі уақытта көптеген гуманоид робот жасалып жатыр, алайда олардың көбінде тактильді кері байланыс жүйесі толық дамымаған. Қазір әлемде адам сезімін дәл жеткізе алатын сенсорлар әлі жоқ.
Қазіргі уақытта Жанат Қаппасов өзге де 10-нан астам ірі жобаны дайындап жатыр. Ал оның командасында тек қазақстандықтар ғана емес, шетелдік мамандар да бар екен.
Авторы: Риат Шони
Тегтер #ғалымдар #ақылды қолғап #Назарбаев Университет
Phone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz