Енді 90 мыңға жуық студентті еңбек нарығына бейімдеу үшін теориядан гөрі тәжірибеге басымдық беріледі.
Мамандардың айтуынша, бұл түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттырып, өңірдегі кадр тапшылығын азайтады. Сондай-ақ жаңа тәсіл білім беру сапасын көтеріп, жұмыс берушілердің сұранысына сай білікті мамандар даярлауға жол ашады.
Шымкент студенттер саны жағынан республикалық көрсеткіштің 13,6%-ын иеленіп отыр. Оқытушылардың үлесі де соңғы жылдармен салыстырғанда 15,5%-ға артқан. Осы оң динамикаға орай білім беру мазмұны жаңартылып, мамандықтарды жан-жақты меңгеруге басымдық берілді.
Дархан Ахмедзаки, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің басқарма төрағасы – ректоры
- Сол кәсіпорындардың өздерін университет ішінде лабораторияларды ашуға шақыру. Сол кезде ғана нақты өндірістегі сұраныстарды қамтамасыз етуге болады деп ойлаймын. Нәтижесінде балаларымыз тек қана лабораториялық зерттеулер емес, соның ішіндегі нақты «өндірістік тоқты» тасымалдау жүйесіне сәйкес білім алады.
Мұхтар Әуезов атындағы университет өкілдері білім сапасын арттыру мақсатында академиялық кеңестен өткен «өңірлік атласқа» иек артады. Оқыту мазмұнын оңтайландырудың арқасында жергілікті студенттер шетелдік оқу ордаларында тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Қос дипломдық бағдарламалар түзілді. Ал 8 мыңға жуық студенті бар педагогикалық университетте керісінше шетелдік жастардың үлесі артып келеді.
Жанар Масалиева, Ө. Жәнібеков атындағы ОҚПУ филология факультетінің деканы:
- Өңіріміздегі ЖОО-ымызда Республиканың өзге өңірлеріндегі білім алушылар оқиды. Сонымен қатар шетелдік студенттердің 3,5 мыңнан асуы бұл білім беру қызметтерін экспорттаудың оң нәтижесін көрсетеді. Неліктен білім беру бағдарламалары білім алушыға бағдарланған. Өйткені қазір қойылып отырған талап солай.
Жоғары оқу орындарына бәсекеге қабілеттілікті арттыру арқылы сапалы маман даярлау талабы қойылды. Қазір өңірдегі 10 университетте 90 мыңға жуық студент білім алады. Дәстүрлі мамандықтарды заман сұранысына сәйкес бейімдеу арқылы түлектерді тұрақты жұмыспен қамтуға болады. Алайда студенттік омбудсменнің пікірінше, оқу орындарының сыйымдылығы барлығына бірдей жете бермейді.
Тимур Казмин, студенттік омбудсмен:
- Маңыздысы – университеттің сыйымдылығы. Мысалы, Шымкент университеттерінде 90 мың студент білім алып жатыр. Бұл – аз контингент емес. Студенттердің көзқарасын айтып берейін. Иә, Шымкентте мен мамандыққа таласуым мүмкін.
Мамандардың пайымынша, жоғары білім сапасын арттырумен қатар еңбек нарығындағы нақты сұранысты ескеру де өзекті. Кей жағдайда дипломы бар кадрларға қарағанда қарапайым еңбек адамдарының тапшылығы анық сезіледі.
Нүркен Халықберген, «Мирас» университетінің ректоры:
- Өңір экономикасын тек жоғары білімді мамандардың санымен өлшеуге болмайды. Бүгінде нарыққа ұшқышпен қатар білікті техникалық қызметкерлер, жүргізушілер мен қарапайым еңбек адамдары да аса қажет. Сондықтан жаппай жоғары білім беруден бұрын, орта мектеп жүйесін нығайтуға басымдық берілуі тиіс.
Әзірге Ғылым және жоғары білім министрлігіне жолданған ресми сауал жауапсыз қалды. Дегенмен сарапшылардың пікірі бір арнаға тоғысады. Ендігі кезекте білім ордалары нарықтың нақты сұранысына бейімделіп, теория мен практиканың ұштастыруға басымдық бермек.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов
Тегтер #Шымкент #ЖОО #білім беруPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz