Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар білім беру бастамасын іске қосу рәсіміне қатысты. Президенттің тапсырмасымен 2024 жылы Astana Hub жанынан Tomorrow School жасанды интеллект мектебі құрылған.
Енді оның табысты тәжірибесі ел көлемінде таратылмақ. Мемлекет басшысы телекөпір арқылы 14 өңірдегі Tomorrow School мектептерінің желісін ашты. Бұл мектепте кәмелет жастан асқан, ақпараттық технология саласына жаңа қадам басқан азаматтар тегін білім алады. Бұдан бөлек, цифрлық және шығармашылық дағдыларды меңгергісі келетін 12-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерге арналған TUMO Astana креативті технологиялар орталығы да өз жұмысын жалғастырып келеді. Мұнда генеративті жасанды интеллект, бағдарламалау, ойын ойлап табу, анимация, 3D-модельдеу, роботты техника, киноөнім және цифрлық музыка сынды 11 техникалық және креативті бағыт бойынша білім беріледі. Сондай-ақ, Мемлекет басшысына AI Research University оқу орнының тұжырымдамасы таныстырылды. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, зерттеу университеті Alem.ai базасында орналасады. Студенттер alem.cloud, AlemLLM секілді ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымын және Astana Hub ресурсын пайдалана алады. Оқу биыл 1 қыркүйектен басталмақ.
Тегтер #президент #білім беру #бастамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz