«Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша шәкіртақы көлемі 10–15%-ға артуы ықтимал. Бұл туралы Халықаралық бағдарламалар орталығы басқарма төрағасының орынбасары Абай Рахмет мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Үкіметтегі брифингте оның айтуынша, стипендия көлемі соңғы 15 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген, ал осы аралықта әлемде инфляция деңгейі өскен. Сондықтан қазіргі таңда төлемдерді қайта қарау мәселесі талқыланып жатыр.
«Кейбір елдер мен қалаларда стипендия жеткіліксіз болуы мүмкін, себебі стипендиаттар отбасымен бірге де барады. Сондықтан бұл мәселе қаралып жатыр, келесі жылға қарай нақты шешім қабылданады», – деді Абай Рахмет.
Ол «Болашақ» бағдарламасы оқу ақысын, әуе билетін, медициналық сақтандыруды, виза шығындарын және ай сайынғы стипендияны толық қамтитынын атап өтті.
Қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі – стипендия санын қысқартып, үнемделген қаражатты ай сайынғы төлемдерді арттыруға бағыттау. Бағдарлама аясында стипендия көлемі орта есеппен 10–15%-ға өседі деп күтілуде, алайда кейбір елдер мен қалаларда өсім жоғары болуы мүмкін.
«Стипендия мөлшері оқу елі мен қаласына қарай өзгеріп отырады: мысалы, Нью-Йоркте шамамен 2200 доллар болса, АҚШ-тың басқа штаттарында төменірек», - деді төраға орынбасары.
Тегтер #Болашақ бағдарламасы #стипендия #білім #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz