Енді мұғалімдер мектептен тыс уақытта оқушыларға жауапты болмайды. Сабақтан кейінгі уақытта баланың жауапкершілігі тікелей ата-анасында.
Тиісті заң нормасы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында қаралды. Төменгі палата өкілдері «Педагог мәртебесі және білім беру мәселелері туралы заңды» бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатқа сәйкес ұстаз шәкірттің өмірі мен денсаулығы үшін тек оқу-тәрбие процесі кезінде және өз лауазымдық міндеттері шеңберінде ғана жауапты болмақ. Ал жазғы демалыс, түнгі уақыт, демалыс кезінде баланың бас-амандығына әке-шешесі жауап береді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Енді ешқандай екіұдайы түсінік болмауы тиіс. Біз педагогтерді осылай қорғаймыз. Заң үш блоктан тұрады. Педагогтердің құқықтарын қорғау. Бірінші – жауапкершілік мәселесі. Президент тамыз кеңесінде ұстаздар оқушылардың қауіпсіздігі үшін тек оқу - тәрбие жұмысы кезінде және лауазымдық міндеттерін орындау аясында ғана жауапты болуы керек екенін атап өтіп, осыны заңнамалық тұрғыда реттеуді тапсырған болатын.
Тегтер #мұғалім #жүктеме #оқушыларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz