RU
Толық нұсқаға өту

Елімізге бір мыңнан астам математика мұғалімі қажет

01.05.2026, 19:49 36

Елдегі 8 мыңнан аса орта білім беру ұйымында 416 мыңға жуық педагог жұмыс істейді.

Дегенмен, мұғалімдер тапшылығы әлі бар. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, қазір 5 мыңнан аса педагог қажет. Осы сұранысты азайту мақсатында әр өңірде бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтіп тұрады. Биыл қай пәннің мұғалімдеріне сұраныс жоғары? 

Елдегі мектептерге мыңнан аса математика пәнінің мұғалімі қажет. Бастауыш сыныптарда 700-ден аса орын бос тұр. Сонымен қатар ағылшын тілі, физика, химия және география мамандарына да сұраныс жоғары. Бұл қажеттіліктің орнын толтыру үшін 2023 жылы мемлекеттік бағдарлама қабылданған. Мұғалім тапшы өңірлерге барған жастарды ынталандыру көзделген.

Зейнеп Мақсұтова, ҚР ОМ орта білім беру комитеті төрағасының орынбасары /Астана/:

- Ол Алматы облысы, Түркістан облысы, Атырау, Маңғыстау облыстарына баратын біздің талантты педагогтер бойынша. Әрине олар барған кезде біраз әлеуметтік жеңілдіктер де бар, әлеуметтік жағдайлар жасалған. Мысалы, үшін өздерінің лауазымдық жалақасына 100 пайыз үстінен төлемақы береді жергілікті атқарушы органдар. Республика бюджеттік есебінен 150 пайыз лауазымдық қосымша төленеді.

Ал университеттер мен мектептер сұраныс пен ұсынысты өзара шешіп жатыр. Осы мақсатта Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті. Оған Алматы қаласынан бөлек еліміздің бірқтар өңірінен 250-ге жуық мектеп, колледж бен балабақша өкілдері келді. Олар дипломын енді алатын түлектерге 1000-нан аса жұмыс орнын ұсынды. Қазір арнайы педагогтерге де сұраныс байқалады. Мысалы, елімізде логопедтер, сурдологтар, реабилитологтар жетіспейді екен.

Бану Нарбекова, Абай атындағы ҚазҰПУ академиялық қызмет жөніндегі проректоры:

- Заман орнында тұрған жоқ. Қазір цифрлық технология, ЖИ сондықтан да бүгінгі күні осы педагогтарды даярлауда біз әр уақытта өзектендіріп отыруымыз керек өзіміздің білім бағдарламаларымызды. Көбінесе инклюзия бойынша сұрайды. Арнайы педагогика, психология, математика, орыс тілі мамандары керек, деп. Иә, соның барлығын жинап, бағдарламаларымызды соған сәйкес жасап жатырмыз. 

Жұмыс берушілердің айтуынша, ұстаз боламын деген жастарға жеңілдіктер мен мүмкіндік көп.

Нұрдәулет Немертов, мектеп директоры:

- Биылғы бітіріп жатқан түлектерді егер КРІ 3,7-ден жоғары болса біз оларды жұмысқа конкурссыз қабылдаймыз. Олар жалпы конкурсқа қатыспайды жұмысқа қабылдау туралы. Осындай өзінің артықшылықтары бар. Сонымен қатар жылда қала әкімшілігі тарапынан жас мамандарға сыйақы ретінде көмек те көрсетіледі. 

Университет мамандары цифрлық платформа әзірлепті. Арнайы сайтта бос жұмыс орындары жарияланып отырады. Түлектер онлайн өтінім беру арқылы жұмыс берушімен тікелей байланыс орната алады екен.

Аршын Кемелжан, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz