RU
Толық нұсқаға өту

Түркістанда 36 мектепке яссауитану пәні енгізілді

04.05.2026, 23:21 19

Қазақстанда Қожа Ахмет Яссауи мұрасын кеңінен насихаттау жоспарланып отыр.

Бұл бағыттағы жұмыстар Түркістанда былтырдан бастап қолға алынған. Қазір қаладағы 36 мектепке «Яссауитану» қосымша пәні енгізілген. Мамандар 7 мен 11-сыныптың аралығын қамтиытын бұл пән, ұлы ғұламаның мұрасын, жас ұрпаққа кеңінен насихаттауға бағытталғанын айтады.

Түркістан қаласындағы №14 Қазыбек би атындағы жалпы білім беретін мектебі "Яссауитану" қосымша пәнін былтырғы жаңа оқу жылынан бастап енгізген. Мектеп директоры Жақсыгүл Сүлейменова 10 сыныптарға арналған авторлық бағдарлама жасап, оны қалалық білім бөлімінің сараптамалық кеңесіне ұсынған. Қазір әдістемелік құрал республикалық кеңесте қаралып жатқанын айтады. Бірақ оған қарамастан мектеп ұжымы Ясауи мұрасын жас ұрпақтың санасына сіңіруді бастап кеткен.

Жақсыгүл Сүлейменова, №14 Қазыбек би атындағы жалпы білім беретін мектебінің директоры:

- Бұл жерде балаларға әр тоқсан сайын, бірінші жарты жылдық біткенен кейін түрлі жобалар тапсырылады. Осымен екі рет "Ақылман" және "Яссауи әлемі" атты байқау өткізілді. Квест сұрақтары, куиз ойындары жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде балалар білімдерін шыңдауда. Сонымен қатар аптасына бір рет "1 сынып, 1 хикмет" деп Яссауи хикметтерін жаттау байқауы да жүргізілуде.

Қазір мектепте 10 сынып оқушыларына Яссауидің өмірі мен өнегесі, шығармашылығы мен хикметтері кеңінен оқытылады. Одан бөлек мұндағы шәкірттер республикалық "Яссауитану" дәстүрлі байқауына дайындалуда. Ұлы ойшылдың еңбектерін жата-жастана оқып жатқандарын айтады.

Әдина Бақтияр, оқушы:

- Біз Түркістан қаласының тумасы болғандықтан бұл пәнді толық меңгеру, Қ.А.Яссауидің өмірбаяны мен шығу тарихымен толық танысу, оны білу біздің басты міндетіміз. Сонымен қатар біздің мектепте көптеген яссауитануға байланысты жарыстар, ғылыми жобалар ұйымдастырылып жатыр. Біздің мектепте "Яссауи әлемі" атты клуб жұмыс істейді. Осы клубтың "Шамшырақ" газеті бар.

Жалпы мектеп бағдарламасына енгізілетін "Яссауитану" пәні оқулығын Яссауитану ғылыми орталығының ғалымдары әзірлеп жатыр.

Яссауи мұрасы толық зерттеуді қажет етеді

Ал философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай "Ясауи ұлы мұхит болса, біз қазір соның жағасында ғана жүрміз",-дейді. Яғни ойшылдың қолжабалары әлі толық зерттелмегенін айтады. Ясауи мұрасын насихаттауды ғұламаның еңбектері жайлы осыдан 4 жыл бұрын шығарылған 9 томдық антологияны республика көлемінде таратудан бастау керек деп есептейді.

Досай Кенжетай, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:

- Ол не деген сөз? Яссауи туралы тарихта кім не деді. Осы еңбектердің барлығын сол жерге кіргіздік. Бүкіл облыстық кітапханаларға бердік. Бірақ сол антология өте шектеулі тиражбен шыққан. 14 ауданның әрқайсысында 10 кітапханаға берілген болса, 140 кітапханаға берілді. 20 облысқа 10-нан есептегенде 200 дананы несеме қайтадан көбейтуіміз керек. Өйткені ол 9 томдық антология бірінші рет шығып тұр. Соны берсек насихаттаудың басы болар еді.

Сондай-ақ ғалым үкіметтің Яссауи мұрасын насихаттауға арналған 3 жылдық бағдарламасында Абай мен әл Фараби де болуы керек деп есептейді. Үш тұғыр тұтас болғанда ғана ұлттың мұрасы түгенделетінін айтады.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz