RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан мен Ресей арасындағы білім көпірі

07.05.2026, 20:15 41

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Омбыдағы филиалында 68 студент оқып жатыр.

Жастардың көбі ішкі грантты жеңіп алған. Бұл жоба Қазақстан мен Ресей арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуда үлкен роль атқарып отыр. 

Ресейде шетелдік жоғарғы оқу орындарының филиалдары сирек. Бұл білім беру саласындағы заңнаманың ерекшеліктерімен байланысты. Халықаралық ынтымақтастық көбіне бірлескен бағдарламалар, қос диплом жүйесі немесе білім беру орталықтары арқылы ғана жүзеге асады. Ал Омбыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы – толыққанды шетелдік жоғары оқу орнының бірі.

Торғын Әшенова, Омбыдағы ҚАЗҰУ филиалы директорының орынбасары:

- Ресей Федерациясының азаматтары оқуға ішкі емтихандар арқылы қабылданды. Қазір “Халықаралық құқық”, “Кеден ісі” және “Қазақ тілі мен әдебиеті” мамандықтары бойынша үш топ ашылған.

Ресейлік жоғары оқу орындары қазақстандық студенттер арасында да сұранысқа ие. Бүгінде онда 400 мың шетелдік студент білім алып жатыр. Бұл елдегі барлық студенттің 8,5 пайызы. Соның ішінде 60 мыңға жуығы Қазақстан азаматы. Үштікке Түрікменстан мен Қытай жастары да кіреді.

Тоғжан Жұбаныш, ММХҚИ студенті:

- Оқуға қабылдану қиын болған жоқ. Мен президенттік іріктеу арқылы түстім. Бұл Сыртқы істер министрлігі бөлетін квота. Байқау үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде әр үміткердің түйіндемесі қаралады. Екінші кезеңде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде эссе жазу керек. Үшіншісі, осы үш тілде сұхбат өтеді.

Студенттер үшін бос уақытта шеберлік сағаттары өткізіліп, саясаткерлер, сарапшылар және мәдениет қайраткерлерімен кездесулер ұйымдастырылады. Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтында 20 жылдан астам уақыттан бері қазақстандық студенттер клубы жұмыс істейді. Ұйым жас буынның тез бейімделіп кетуіне көмектеседі.

Тоғжан Жұбаныш, ММХҚИ студенті:

- Қазақстандық студенттер клубы – отандастарымыз бен этникалық қазақтарды біріктіретін қауымдастық. Клуб оқуға түскендердің академиялық және әлеуметтік ортаға тез сіңісуіне көмектеседі.

Ресей үкіметінің Қазақстан азаматтарына арналған квотасы 800 грантқа дейін артты. Өтінімді Астанадағы «Россотрудничество» өкілдігі арқылы беруге болады.

Ирек Зиннуров, Қазақстандағы «Россотрудничество» өкілдігінің басшысы:

- Біздің өкілдік арқылы Ресей жоғары оқу орындарына түсуге болады. Қабылдау іс-шарасы жыл сайын өтеді. Биыл 3000-ға жуық өтінім келді. Ал бөлінген квота саны – 800, яғни 800 студент тегін білім алады.

Талапкерлердің көбі медицина мен техникалық мамандықтарды таңдайды. Сонымен қатар IT саласы, халықаралық қатынастар және әскери бейіндегі білім беру бағыттары да танымал. Қазақстан мен Ресей жоғарғы білім саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуды көздеп отыр. 

Нұрбике Жігер

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz