Алматылық оқушы Әлихан Гатаулин жер сілкінісін бір тәулік бұрын болжауды мақсат етіп отыр.
Ол жасанды интеллект негізінде зілзаланың алдын ала белгілерін анықтайтын жүйе әзірлеп жатыр. Қазірдің өзінде дарынды түлек инженерлік компанияда ғылыммен айналысады. Оған Сейсмологиялық байқау мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығынан жұмыс орыны бөлінген. Мамандар оның болашағынан зор үміт күтетін жас ғалым деп атайды.
Әр апта сайын Әлихан Гатаулин Сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығына келеді. 11-сынып оқушысы белгілі ғалым Галина Хачикянның кабинетінде зерттеу жүргізеді. Ізденеді. Білімін тереңдетеді. Жас зерттеушінің бұл салаға бет бұруына 2024 жылдың қаңтарындағы Алматыдағы жер сілкінісі себеп болған. Сол кезден бастап ол адамзат неге әлі күнге дейін зілзаланы алдын ала болжай алмайды деген сұраққа жауап іздей бастаған.
Әлихан Гатаулин, 11-сынып оқушысы:
- Жер сілкінісі күтпеген жерден болатын апат. Табиғи құбылыстардың бірқатарын алдын ала шамамен болжай аламыз. Тайфун мен дауылды спутник арқылы ертерек білеміз. Ал жер сілкінісін неге болжай алмайтынымыз қатты ойландырады. Оған бетпе-бет келгенде абдырап қаламыз. Ал оның зардабы мемлекет экономикасына ғана емес, халыққа да ауыр тиеді. Біз жақындарымыздан, туған-туыстарымыздан айырылып қалуымыз мүмкін ғой.
Әлихан өз зерттеуін қазіргі ғылымдағы ең күрделі мәселелердің бірі жер сілкінісін болжауға арнаған. Жас ғалым ресейлік геофизик Геннадий Соболев пен Күн белсенділігі мен сейсмикалық үдеріс арасындағы байланысты зерттеген өзге де ғалымдардың еңбегін жалғастырып келеді. Бұл теорияға сәйкес, күннің жарқылы күшті геомагниттік дауыл туғызады, ал солар жер сілкінісіне қозғау салуы әбден мүмкін.
Абдулазиз Абдуллаев, сейсмологиялық байқау мен зерттеулер ұлттық ғылыми орталығының зертхана меңгерушісі:
- Ол әлі мектеп оқушысы болса да, ғылымға деген қызығушылығы өте жоғары. Тәжірибесінің аздығына қарамастан үлкен тақырыптарды зерттеуге кірістіп кетті. Әлихан күн жүйесінің жер қыртысына қалай әсер ететінін зерттеп жатыр. Бұл өте ауқымды, әрі маңызды бағыт. Адамдардың қауіпсіздігі осы зерттеулермен тікелей байланысты.
Ғылымға деген ерекше қызығушылығының нәтижесінде Әлихан Гатаулин NASA ұйымдастырған байқаудың финалисі атанды. Кейін жас зерттеушіні deep-tech компаниясына жұмысқа шақырды. Онда ол жеке ғылыми бағытты басқара бастады. Қазір халықаралық деңгейдегі мамандар тобымен жұмыс істеп жатыр. Ересек инженерлермен бірдей жалақы алады. Әлихан спутниктік деректерді, геомагниттік ауытқулар индексін және сейсмикалық белсенділікті талдай отырып, Күндегі жарқыл жер сілкінісін шамамен бір тәулік бұрын ескерте ала ма деген сұраққа жауап іздеп жүр.
Әлихан Гатаулин, 11-сынып оқушысы:
- Бізде жануарлардың әрекетіне байланысты биологиялық белгілер бар. Сонымен қатар жердің физика-химиялық талдауы жүргізіледі. Мысалы, радон мен басқа да газдардың бөлінуі сияқты. Осындай түрлі алдын ала белгілерді біріктіріп, бәрін талдайтын Machine Learning жүйесін құруымыз керек. Сол барлық деректі саралап, нәтижесін көрсетуі тиіс.
Әлихан үшін сейсмологиялық бақылау орталығының мұрағаты мен кітапханасы әрдайым ашық. Айтуынша, жасанды интеллект пен деректерге негізделген жер сілкінісін ерте ескерту жобасының алғашқы нәтижесі алдағы бес жылда пайда болуы мүмкін.
Қарлығаш Қайыпбекова, Кенже Амраев
Тегтер #Алматы #оқушы #жер сілкінісі #24KZ #жасанды интеллект жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz