RU
Толық нұсқаға өту
Сұңғат Жоламан

Жаһандық экологиялық жоба: Эмине Ердоған Астанада зертхана ашты

14.05.2026, 16:55 67

Астанада Түркия Президентінің жұбайы Эмине Ердоғанның қатысуымен «Нөлдік қалдық» (Zero Waste) халықаралық білім беру зертханасы салтанатты түрде ашылды. Жаңа экологиялық орталық Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің базасында Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) қолдауымен құрылды, деп хабарлайды «24KZ»

«Бұл зертхана нөлдік қалдық, тұрақты ауыл шаруашылығы, қалдықтарды басқару және циркулярлы экономика саласындағы маңызды зерттеулердің алаңына айналатынына шын жүректен сенемін. Осынау маңызды жоба Түркия мен Қазақстан арасындағы бауырластықты нығайта түссін деп тілеймін», – деді Эмине Ердоған.

Айта кетейік, аталған бастама Түркияда 2017 жылы бірінші ханымның қолдауымен басталып, бүгінде халықаралық деңгейде танылған ірі экологиялық жобаға айналған.

Қанат Тіреуов, С. Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма төрағасы – Ректоры

 «Біз Түркия Республикасымен стратегиялық серіктестікті жоғары бағалаймыз. Seifullin University Түркияның жетекші университеттерімен – Koç, Istanbul, Akdeniz, Selçuk және басқалармен белсенді ынтымақтасады. Бірлескен бағдарламалар, академиялық ұтқырлық және ғылыми зерттеулер Қазақстан мен Түркия арасындағы берік зияткерлік көпірді қалыптастырады және түркі әлемінің ынтымақтастығын нығайтады. Бүгінгі таңда Seifullin University халықаралық аграрлық білім, ғылым және инновация орталығы ретінде жаһандық деңгейге сенімді түрде енуде. Қазақстан мен Түркия серіктестігінің технологияларды, ғылымды және тұрақты ауыл шаруашылығын бірлесіп дамыту үшін зор әлеуеті бар екеніне шын жүректен сенеміз», – деп атап өтті.

Зертхананың ашылуы Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары аясында өтті. 13 мамырда басталған бұл сапар шеңберінде екі ел басшылары стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысын өткізіп, өзара қарым-қатынастардың келешегін талқылайды. Мемлекеттік сапардан кейін, 15 мамырда Түркістан қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының «Жасанды интеллект және цифрлық даму» тақырыбындағы бейресми саммиті өтеді.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz