Қазақстан ғалымдары қиын байытылатын кендерден алтынды тиімді алуға мүмкіндік беретін жаңа технология әзірледі. Жобаны «Қазмеханобр» мамандары жүзеге асырған.
Қазақстан ғалымдары қиын байытылатын кендерден алтынды тиімді бөліп алуға мүмкіндік беретін жаңа технология ұсынды. Жаңа жоба шикізатты өңдеу шығындарын азайтып, алтын өндіру тиімділігін арттыруға бағытталған. Қазіргі таңда технология зертханалық сынақтардан сәтті өтіп, өндірісте қолдануға перспективалы шешім ретінде бағаланып отыр.
Жобаны ҚР «Ұлттық минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу орталығы» РМК филиалы – «Қазмеханобр» өнеркәсіптік экология мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігінің мамандары жүзеге асырды. Ғылыми топқа PhD докторы, қауымдастырылған профессор Бауыржан Сүрімбаев жетекшілік етті. Зерттеу AP19677446 гранттық қаржыландыру бағдарламасы аясында жүргізілген.
Ғалымдар тотыққан және сульфидті кендерді өңдеудің инновациялық тәсілдерін ұсынып, алтынды бөліп алу көрсеткішін 10–14%-ға дейін арттырған. Сонымен қатар жаңа технология қымбат реагенттер шығынын азайтып, өңдеу тиімділігін күшейтеді.
Ғалымдардың пікірінше, жаңа кешенді тәсіл әртүрлі минералдық шикізат түрлеріне бейімделіп, отандық ресурстарды терең өңдеуге жол ашады.
Жобаның ғылыми нәтижелері халықаралық деңгейде де мойындалған. Зерттеу аясында 6 ғылыми еңбек жарияланып, беделді халықаралық журналдарда жарық көрді.
Қазіргі уақытта жоба аясында ғылыми кадрларды даярлау жұмыстары жалғасуда. Осы тақырып бойынша бір докторант диссертация қорғауға дайындалып жатыр.
Алдағы кезеңде зерттеушілер технологияны өнеркәсіптік деңгейде сынақтан өткізіп, алтын құрамды кендерді өңдеудің тиімділігін арттыруға арналған жаңа реагенттік шешімдерді әзірлеуді жоспарлап отыр.
Мамандар бұл технология отандық тау-кен металлургия саласының дамуына жаңа мүмкіндік береді дейді.
Тегтер #алтын қоры #ғалымдар #жаңа технология #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz