RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Балалар лагерьлеріне қойылатын талап неге күшейді?

22.05.2026, 15:20 73

Қазақстандағы балалар лагерьлерінің жұмысы енді жаңа талаптар бойынша реттелмек. Биылдан бастап балаларды сауықтыру орталықтары үшін лицензия алу міндеттелді. Бұл заң нарықты қалай өзгертеді? Жекеменшік лагерьлердің жабылуы мен бағаның өсуі қаншалықты негізді? Мемлекеттік сатып алудағы шикіліктер қалай шешілмек? Осы және өзге де өзекті сұрақтар төңірегінде Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау «24KZ» тілшісіне сұхбат берді.

Нұргүл ханым, сіз лагерьлерді лицензиялауды міндеттеуді алғашқылардың бірі болып көтердіңіз және бұл заң биыл күшіне енді. Бірақ қазір нарықта «талаптар тым қатаң, жекеменшік лагерьлер жабылып, баға өседі» деген пікірлер айтылып жатыр. Осы заңды іске асыруда қандай қиындықтар болуы мүмкін?

Иә, ондай пікірлер айтылып жатыр. Бірақ біз бір нәрсені анық түсінуіміз керек: баланың қауіпсіздігі ешқандай саудаға салынбайды. Соңғы бірнеше жылда лагерьлерге қатысты қоғамды дүр сілкіндірген жағдайларды көрдік. Балаларды сауна ғимаратына орналастыру, еденге жатқызу, орын тапшылығы, санитарлық талаптардың сақталмауы - мұның бәрі жүйедегі бақылаудың әлсіздігін көрсетті.

Мен өзім де лагерьлерді аралап, жағдайымен тікелей таныстым. Ата-аналармен, кәсіпкерлермен сөйлестім. Бір қызығы, лицензиялау мәселесін алғаш болып адал жұмыс істеп жүрген жекеменшік лагерь иелерінің өздері көтерді. Ал бүгін шулап жүргендердің бәрі бірдей адал кәсіпкерлер емес. Себебі сапалы жұмыс істейтін лагерьлер үшін лицензия - қорғаныс.

Лицензиялау - бизнесті жабу үшін емес, нарықты тазалау үшін қажет қадам. 2026 жылдың 1 сәуірінен бастап балаларға білім беру-сауықтыру қызметін көрсететін лагерьлер міндетті лицензиялаудан өтеді және ол бес жылға беріледі.

Жаңа талаптар материалдық-техникалық базаға, педагог мамандардың біліктілігіне, санитарлық жағдайға, тамақтандыруға, медициналық қызметке және қауіпсіздікке қатысты болады.

 -  Биылғы жүйе сондай «пысықай» мердігерлердің жолын кесе ала ма?

Өкінішке қарай, мәселе тек бір лагерьде емес. Бұл - ұзақ жылдар бойы мемлекеттік сатып алуда ең арзан бағаға басымдық берудің салдары.

Балалардың қауіпсіздігіне келгенде «арзан» деген принцип жүрмеуі керек. Өйткені ең төмен баға көбіне сапаның төмендеуіне алып келеді. Соның кесірінен біз «саунадағы лагерь», балаларды еденге жатқызу, сыйымдылықтан бірнеше есе артық бала қабылдау сияқты жағдайларды көрдік.

- Жазғы каникулдың басталуы - ата-аналар үшін нағыз «бас ауруы кезеңі». Әсіресе қалалық жерде баланың уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізу өте маңызды. Нарықта ұсыныс көп, бірақ оның қайсысы сапалы?

 Ең бірінші - қауіпсіздік қой. Әдемі жарнамаға немесе әлеуметтік желідегі әдемі видеоларға ғана сенуге болмайды. Лицензиясына, медициналық қызметтің ұйымдастырылуына,тәрбиешілердің біліктілігіне мән беру керек. Кейде ата-аналар тек бағасына немесе бағдарламасына қарайды. Қазір мемлекет бірыңғай цифрлық BalaCamp.kz платформасын іске қосуды жоспарлап отыр. Ол жерде лагерьлер туралы ақпарат ашық болады, бұл ата-аналарға таңдау жасауға да көмектеседі. Мысалы, Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметі бойынша, 2024 жылы 157 лагерьде 1237 өрт қауіпсіздігі бұзушылығы анықталған, ал 64 нысан талапқа сай емес жағдайда жұмыс істеген.

Үлкен қалаларда ата-анаға таңдау бар. Ал өңірлердегі, әсіресе шалғай аудандар мен ауылдардағы жағдай қалай? 

Бұл өзекті мәселе. Көп ата-ана «баланы жіберетін жер жоқ» деп шағымданады. Кей өңірлерде балалар тек мектеп жанындағы лагерьлермен шектеледі немесе басқа облысқа жіберуге мәжбүр болады. Сондықтан біздің міндет - тек бақылауды күшейту емес, сапалы әрі қолжетімді лагерьлердің санын көбейту. Баланың жазғы демалысы - жай ғана маусымдық қызмет емес. Бұл - баланың қауіпсіздігі, денсаулығы және дамуы.

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz