RU
Толық нұсқаға өту

Мектеп бітіру кешін бір жыл бойы жоспарлаған 11-сынып оқушылары салынған тыйымға алаңдаулы

25.05.2026, 15:40 48

Елде мектеп түлектерінің кешін оқу орнынан тыс жерде ұйымдастыруға тыйым салынды.

Оқу-ағарту министрлігі мен әкімдіктердің бірлескен бұйрығына сәйкес, кешті мейрамхана, кафе және банкет залдары мен табиғат аясында өткізуге рұқсат жоқ. Мұндай жаңалықты ата-аналар мен түлектер қалай қабылдайды?

Астаналық Аяулым Жақыпбек биыл 11-сыныпты аяқтады. Мектеп бітіру кешіне жарты жыл бойы дайындалған. Шараға киетін көйлегін де таңдап қойыпты. Бірақ салалық ведомствоның бұйрығы шыққалы көңіл-күйі құлазыған. Енді не істерін білмей әлек.

Аяулым Жақыпбек, мектеп бітіруші түлек:

- Қыстан бері мен көйлек тауып, оған әшекейлерді тапқанмын. Қазір менде көйлек те, сумка да бар. Мен және басқа 11-сынып оқитын оқушылар осы кешті өте күтіп тұр. Себебі біз әр күні мектепке барып, еңбек етіп, 11-сыныпты әдемі бітіргіміз келіп тұр.

Мектеп бітіру кешін 1 жыл бойы жоспарлаған ата-аналар да аң-таң. Бала өмірінде бір-ақ рет болатын кешті салтанатты түрде атап өткіміз келеді, дейді.

Айнұр Калина, ата-ана:

- Біз салтанатты кешті әу бастан жоспарладық. Себебі бұл күн баламның өміріндегі «бақытты сәті» болып есте қалуы керек. Қаңтар айында ата-аналармен жиналып, мейрамхананы бізге қажетті уақытқа жалдап қойдық. Ал енді қайтсек екен деп ойланып отырмыз.

Биыл оқу жылын 4 миллионға жуық оқушы аяқтайды.  Оның 215 мыңнан астамы 11-сынып түлектері. Демек, осыншама балаға биыл салтанатты кеш ұйымдастыруға рұқсат жоқ.

ЦИТАТА

Оқу-ағарту министрлігі мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен бұйрығы мен қаулысына сәйкес, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында салтанатты іс-шараларды мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, демалыс базаларында және табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Ата-аналардан, заңды өкілдерден және білім алушылардан салтанатты іс-шараларға байланысты ақша жинауға, сыйлықтар мен өзге де материалдық құндылықтар талап етуге жол берілмейді. Ал аттестаттар мен дипломдарды салтанатты табыстау рәсімдері тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады.

ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ

Сондай-ақ түлектер мен ата-аналардан салтанатты шараларға байланысты ақша жинауға және сыйлықтарды талап етуге тыйым салынады. Бұған қоса депутаттар жиылған қаржыны балалардың жоғары оқу орнына түсер алдындағы қажеттілігіне жұмсаған абзал, дейді. 

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қомақты ақша жинау артық деп түсінуіміз керек. Өйткені ертең балаларымыз жоғарғы оқу орнына түседі, сол үшін ақша керек. Не болмаса жатақханаға, не басқа қалаға бару үшін ақша керек. Соған ақшаны жұмсап алайықшы. 

Мектеп бітіру кешінде түрлі жағдай болуы мүмкін. Былтыр Алматы аймағында түлектердің жанжалы салдарынан 1 бала қаза тапқаны халық есінен әлі шыға қойған жоқ. Ал Маңғыстау облысында кортедж ұйымдастырылып, көлік тізгіндеген түлектердің бірі жол апатына ұшыраған. Сондықтан биыл қабылданған бұйрық оқушы қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, мектептердегі «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайтады, дейді жауаптылар.

Альмира Оразбай

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz