RU
Толық нұсқаға өту

Кореядағы физика олимпиадасында Қазақстан жеті медаль еншіледі

25.05.2026, 16:49 31

Азиялық физика олимпиадасында Қазақстан оқушылары 7 қола медаль мен  мақтау грамотасын иеленді.

Жарыс мамырдың 17-сі мен 25-і аралығында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында өтті. Физикадан ең мықты білгір атану үшін Азия-Тынық мұхиты аймағының 30-дан астам елінен 240-қа жуық оқушы бақ сынасты.

Айтулы зияткерлік додаға әр елден 8 оқушыдан  қатысты. Қазақстанның намысын Астана, Алматы қалалары мен Қостанай облысындағы төрт мектептің шәкірттері қорғады. Жарысқа қатысушылар қатаң ережелерді сақтады: емтихан басталғанға дейін олардың барлық байланыс құралдары алынып, бапкерлерінен бөлек жүрді. Ал сын екі кезеңнен - теориялық және эксперименталдық турлардан тұрды. Әрқайсысына 5 сағаттан уақыт берілді.

Қасымхан Байсейітов, физикадан Азия Олимпиадасындағы ҚР құрамасының жетекшісі:

- Біріншісі механика болды, кейін толқындық оптика, ең соңында жалпы магнетизм келді. Өте қызықты есеп болды. Қазір гидродинамика туралы қызықты эксперимент өтіп жатыр. Гидродинамиканың болмағанына көп уақыт өткен еді. Меніңше, бұл Пусанның теңіз жағалауындағы қала болғандығынан шығар, содан кейін осы тақырыпты таңдаған болуы керек.

Роман Черемнов, Алматы қ. «Мирас» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы:

- Теориялық турдағы есептер айтарлықтай оңай болып шықты, яғни олар біздің республикалық олимпиада деңгейінде болды. Ал эксперименталды тур әлдеқайда күрделі болды, біздің команда күткенімізден әлдеқайда аз ұпай жинады.

Практикалық кезеңдегі қиындықтарға қарамастан, Қазақстаннан келген сегіз  оқушы да барлық тапсырмаларды сәтті орындап шықты. Олардың жетеуі қола медаль еншілесе, бір оқушы мақтау грамотасына ие болды. Бұл марапат жүлделі орынға  бірнеше ұпай ғана жетпей қалғанын білдіреді, дегенмен, мұндай деңгейдегі турнирде кез келген нәтиже беделді деп саналады. Ол жұмысқа орналасуға және университетке түсуге  үлкен септігін тигізеді.

Владислав Цой, Ольга Лян

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz