Қазақстан мен Ресей арасында Қостанайдағы Челябі мемлекеттік университеті филиалын дамыту жөнінде үкіметаралық келісім жасалды.
«Бұл қос елдің білім беру саласындағы ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді» - дейді мамандар. Биыл жоғарғы оқу орsны филиалында инженерлік және ІТ бағыттары бойынша білім беру бағдарламасы енгізіледі.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Қазақстанда Ресейдің 8 жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. Солардың арасында Қостанайдағы Челябі мемлекеттік универсиететінің филиалы студенттер саны, тарихы жағынан басқалардан көш ілгері тұр. Бұл оқу орынын ширек ғасыр ішінде 13 мыңнан астам түлек бітірген. Соның 90 проценті Қазақстанда жұмыс істейді.
Қазір Челябі университетінің Қостанайдағы филиалында 2 мың 19 студент білім алып жатыр. Негізінен қазақстандықтар. Бірақ арасында Түркия, Германия, Беларусь елдерінің де өкілдері бар. Мария Хан лингвистика факультетінің 2-курс студенті. Болашақ ағылшын тілінің маманы. Қостанай облысындағы корей жастары қозғалысының төрағасы.
Мария Хан, студент:
- Этносаралық келісім мен мәдени әртүрлілікті сақтау тақырыбы маған өте жақын. Қазақстан мемлекеті сол үшін барлық жағдай жасап жатқандығы қуантады. Қазіргі кезде бізде жастардың қай салада да дамып, жетілуіне мүмкіндік мол.
Бұл оқу орны өңірдің тұрақты білім және ғылым орталығына айналды. Цифрлық технология мен жасанды интеллект, әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы бірнеше жобалары инвесторлар назарына ілігіп отыр.
Рашит Нұрмағамбетов, құқықтану кафедрасының профессоры:
- Соның ішінде негізгілерінің бірі жастардың құқықтық-қаржылық сауаттылығын көтеру жобасы. Біз мұны қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп жүзеге асырып жатырмыз. Жыл сайын 500-ден астам оқушы, студенттерге қарапайым тілде ақшаны тиімді басқару дағдыларын оқытып, үйретеміз.
Екі жақты мемлекетаралық келісімде көрсетілгендей жоғары оқу орындарының филиалы аймақтың қажеттілігін өтейтіндей мамандар даярлап, оқу, тәрбие жұмысы ел мүддесіне сай жүргізілуін қамтамасыз етуі тиіс.
Наталья Нализко, Қостанайдағы ЧелМУ филиалының директоры:
- Біз үшін Қазақстанның білім беру саласының бір бөлшегі болу, осында жұмыс істеу үлкен абырой, зор құрмет. Студенттер мен оқытушылар «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыруға белсенді түрде атсалысады. Біз тек білім ғана беріп қоймаймыз, отаншылдыққа тәрбиелеуге тырысамыз.
Жалпы Қостанай облысындағы техникалық, кәсіптік арнаулы оқу орындары шетелдік білім беру ұйымдарымен 78 халықаралық келісім-шарт, меморандум жасасқан. Соның 60-қа жуығы Ресейге тиесілі.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров
Тегтер #Қостанай #университет #Ресей #Заң мен тәртіп #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz