RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде білім саласындағы ынтымақтастық артты

29.05.2026, 08:28 122

Қазір елде ресейлік 10-ға жуық жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді. 

Соның бірі – Атырауда ашылған Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы. Былтыр ресми жұмысын бастаған оқу орнында қазір 96 студент білім алып жатыр. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылған. 

И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің базасында ашылған. Білім ордасында қазір «Мұнай-газ құбырларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары» мен «Кен орындарын геологиялық модельдеу» мамандықтарын оқытады. Бүгінде 96 студент білім алып жатыр. Солардың бірі – Сәуле Әпен. «Оқу орнында теориялық біліммен қатар, өндірістік тәжірибеге де басымдық берілген», - дейді ол. Заманауи зертханалар мен виртуалды тренажерлар оқу процессіне енгізілген. 

Сәуле Әпен, И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалының студенті:

- Мақтанышымыздың бірі – оқу-өндірістік полигоны. Онда 15 оқу алаңы және нақты мұнай ұңғымалары орналасқан. Яғни солардың арқасында студенттер бұрғылаудан бастап, мұнайды өңдеуге дейінгі бүкіл процесті өз көздерімен көріп, түсініп, оны іс жүзінде меңгеріп шығады. Осындай нақты базаның арқасында біз өндіріске толық дайын, білікті маман болып шығамыз.

Университет филиалында отандық және ресейлік 23 профессор-оқытушы бірлескен бағдарламамен оқытады. Студенттерге мемлекет тарапынан жыл сайын 100 білім беру гранты бөлінеді. Олар 3-курста Мәскеудегі университеттің өзіне барып, білімін шыңдайды.

Еділ Садықов, И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалының атқарушы директоры:

- Мұндай ынтымақтастық форматы халықаралық академиялық тәжірибені, заманауи білім беру технологияларын және еліміздің мұнайлы өңіріндегі тәжірибеге бағытталған мамандар даярлау жүйесін біріктіруге мүмкіндік береді. Біздің ойымызша, жоба жоғары білікті инженерлік кадрларды даярлау және Қазақстанның мұнай-газ саласын одан әрі дамыту үшін ерекше маңызы бар деп есептеймін.

Мамандардың айтуынша, мұндай ынтымақтастық ғылым мен өндіріс саласындағы байланысты нығайтады. Сондай-ақ халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті кадрларды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Айбек Байзақов, Амантай Мәтенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz