RU
Толық нұсқаға өту

Еуропадағы қазақ жастары отандық ғылымды дамытуға мүдделі

02.06.2026, 17:56 31

Еуропаның түкпір-түкпірінде оқып, не жұмыс істеп жатқан қазақ жастары елге келіп, Қазақстан ғылымының дамуына үлес қосуға мүдделі. 

Араларында жасанды интеллекттің қыр-сырын тереңінен меңгерген отандастарымыз да бар. 

Ғалымжан Исабековтің шетелде тұрып жатқанына 20 жылдай болған. Кентау қазақ-түрік лицейінің түлегі Қытайда дәрігер мамандығын меңгерген. Оны аяқтаған соң Бейжің нейрохирургиялық институтында резидентурадан өтіп, ота жасауды үйренеді. Жапония, АҚШ университеттерінің тағылымдамаларына қатысады. Германиядағы клиникадан шақырту алып, соңғы 3 жылда Паркинсон ауруын емдеудің жолын іздеумен келеді. Жоспары – Қазақстанға келіп, отандық нейрохирургтармен бірге зерттеу жұмыстарын жүргізу.

Ғалымжан Исабеков, Германияның «Charité» клиникасының ғылыми қызметкері:

- Паркинсон ауруы, оның ішінде эпилепсия ауруы. Оларды нейхирургиялық жолмен емдеуге болады. Ағылшынша айтқанда movement disorders – қозғалмалы аурулар. Соларды емдеу жолында, негізі қазақстандық нейрохирургтармен бірге жұмыс істеу ойымыз бар.

Бельгия, Франция, Нидерланд, Люксембург, Италия және Швейцарияда оқып жатқан студенттердің арасында білімі мен халықаралық тәжірибесін отандық технологиялық жобаларға, оның ішінде жасанды интеллектке бағыттауды жоспарлап отырғандар бар. Мәселен, математик жігіт Айкен болашақта өз қателігінен сабақ ала алатын роботтардың алгоритмдерін жасағысы келеді.

Айкен Қазин, Гент университетінің PhD студенті:

- Компаниялар роботтарды енгізіп жатыр екен. Сонымен қатар тағы да басқа компаниялар енді-енді дамып жатыр. Мен болашақта бұл роботтарды reinforcement learning алгоритмдері көмегімен дамытуды ойлаймын және осы саланың ілгерілеуіне өз үлесімді қосуды жоспарлап отырмын.

Қазақстан шетелде жүрген ғалымдарын елге тарту бағдарламасын қарқынды іске асырып жатыр. «Соңғы 3 жыл ішінде осындай 100-ден астам мықты ғалым тек Назарбаев университетінде нәтижелі жұмыс істеп жатыр», - дейді сала министрі.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

- Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – өзіміздің кадрлық әлеуетімізді күшейту, әрине. 90 жылдары, 2000 жылдары кетіп қалған мықты-мықты ғалымдарымызға жаңа мүмкіндіктер жарату. Неге десеңіз? Жай әкімшілік жолдармен ешкім қайтып келмейді. Оларды кемсітіп, жамандап жүргенімізден ешқандай пайда шықпайды.

Қазақстанда кейінгі 4 жылда 40-қа жуық шетелдік озық оқу орнының филиалы ашылды. 33-і қазір толыққанды жұмыс істеп тұр. Қалғандары оқу процесін бастауға әзірлік үстінде. Олардың базасындағы ғылыми орталықтар қолайлы жағдайды, академиялық ортаны және зерттеу еркіндігін қажет ететін ғалымдарды тартуға мықты платформа болмақ.

Авторы: Ғалымжан Қараманұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz