Астанада жасанды интеллектке қатысты тың жоба ұсынған ұстаздар марапатталды.
«Edu ЭйАй: Педагогикалық хакатоны» елдің әр түкпірінен келген 400-ге тарта мұғалімнің басын бір алаңға тоғыстырды. Педагогтер бұған дейін «Білім берудегі жасанды интеллект: инновациялық технологиялар мен оқу үдерісінің цифрлық трансформациясы» атты республикалық онлайн курсты меңгеріп, үздіктер қатарына ілікті. Соның нәтижесінде олар бірнеше ай бойы жаңа технология мүмкіндіктерін білім беру саласына енгізудің тиімді тетіктерін ойластырып, хакатонға ұсынды. Ұлттық білім академиясы мен Назарбаев университеті профессорларының сынынан өтіп, өзгелерден оза шапқан 20 педагог Оңтүстік Кореяда ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болды.
Асқар Мақсатұлы, жоба ұйымдастырушысы:
- Бұл жобаның басты мақсаты – жасанды интеллектінің тез дамуы барысында ұстаздарымыздың соны тезірек үйреніп кетуіне мүмкіндік беру. Бұл жоба «AMANAT» партиясымен бірге Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен жасалды. Негізгі үлкен 4 тақырып берілді. Осы төрт тақырып аясында біз ұстаздарға оқушылармен жұмысты қалай дұрыс ұйымдастыру керектігін түсіндірдік. Сонымен қатар жасанды интеллектінің негізгі модельдерін пайдалана отырып, ұстаздардың өз жобаларын жасауына мүмкіндік бердік.
Ұлан Мейіржанұлы, жоба жеңімпазы:
- Жоба жасау – өте қиын шаруа. Негізінен біз жобаны бірнеше айлап жасаймыз. Ал енді бұл жерде хакатон болғандықтан, Қазақстанның деңгейінде бірінші рет ұйымдастырылғандықтан, біз адаптациялық жүйеге бірден кіріп кете алып, ұйымдастыра алдық. Мен медицина саласының қызметкері және оқытушысы бола тұра педагогикамен бірге араластыра отырып, жоба дайындап, Кореяға барам деген бір сенімділік болды.
Тегтер #Астана #ұстаздар #марапат #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz