Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысы өтті.
Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері қатысты. Инновациялық штабтың міндеті инновациялық қызмет саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету және елдің технологиялық басымдықтарын айқындау.
Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің алғашқы отырысында инновацияларды дамыту мәселелері қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту және кадрлық әлеуетті күшейту. Бұл жоба елде инновацияны дамытып, Қазақстанның әлемдік рейтингтегі орнын жақсартуға көмектеседі. Сонымен қатар жаңа салалар ашылып, заманауи жұмыс орындары көбеймек. Өнімдердің экспорт көлемін арттыруға жол ашады.
Санат Жолдыхан, "Qazinnovations» инновацияларды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі" АҚ басқарма төрағасы:
- Инновацияларды тек ғылым немесе гранттар емес, бүкіл экономиканың ортақ басым бағыты ретінде дамытатын кешенді модель ұсынылды. Біз «инновация арқылы ғылымнан» «ғылым арқылы инновацияға» көшеміз: бизнес пен өңірлер нақты сұраныс береді, ал ғылым шешім ұсынады. Өңірлік инновацияның орталығы – университеттер, олар жаңа қосылған құн тізбектері мен жоғары технологиялық өндірістерді жасап, экспортқа шығарады.
Инновациялық кеңестің алғашқы отырысында ҚазМұнайГаз компаниясының ABAI ақпараттық жүйесі таныстырылды. 4 жыл бойы тексерілген жоба былтыр ресми енгізілген. Ол өндірістік деректерді жасанды интеллект арқылы талдап, шешім қабылдауға көмсектеседі. Соның арқасында жұмыс жеңілдеп, мұнай өндіру тиімділігі артады.
Рахым Өтеев, "ҚМГ Инжиниринг" ЖШС директоры:
- 100 кен орыны бар деп айтып кеттім ғой, соның ішінде 12 кен орыны ҚазМұнайГаздың 80%-дан астам өндіру көлемін беріп жатыр. Енді жүйеге ЖИ-ді енгізгеннен алдағы 3-4 жылдың ішінде 12 кен орны бойынша цифрлық егіздер жасаймыз деген алдымызға мақсат қойып жатырмыз.
Ал электр жабдықтарын шығаратын отандық “Alageum Electric” компаниясы инновациялық гранттың көмегімен дәнекерлеуге арналған швейцариялық роботтандырылған кешен сатып алған. Соның арқасында өндірісте ақау азайып, өнім сапасы жоғарылған.
Бауыржан Құдайбергенов, "Кентау трансформатор зауыты" АҚ басқарма төрағасы:
- Роботтандырылған дәнекерлеу кешені еңбек өнімділігін 50 пайызға арттыруға мүмкіндік берді. Дәнекерлеу тігістерінің дәлдігін 99 пайыз деңгейіне дейін қамтамасыз етті. Бір ауысымда жұмыс істейтін 35 дәнекерлеушіні алмастырды. Яғни өнім сапасы жақсарып, еңбек өнімділігі артты. Сонымен қатар адам ақаулар саны шамамен 85 пайызға азайды.
Жиында Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мақұлданып, жауапты органдарға құжат жобасына нақты ұсыныстар енгізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді. Сонымен қатар барлық өңірде мүдделі тараптардың қатысуымен ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу кестесін бекітілмек. Бұл сессиялар бизнестің нақты технологиялық сұраныстарын айқындауға бағытталмақ.
Тегтер #инновация #дамыту #кеңес #24KZ #жасанды интеллект жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz