2026 жылдың 10 мамырынан басталған негізгі ҰБТ-ны бүгінге дейін шамамен 236 мың рет тапсырған деп хабарлайды «24KZ».
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің басым бөлігі тесті қазақ тілінде тапсырған – 72%. Орыс тілін таңдағандар – 28%, ал ағылшын тілінде тапсыру 408 рет тіркелген.
Бес аптаның қорытындысы бойынша қатысушылардың 67%-ы шекті балл жинаған. Орташа көрсеткіш – 64 балл. Ең жоғары нәтиже – 140 балл, оны Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир алған.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар 668 талапкер ҰБТ-ға қатысқан. Оларға тестілеуден өту үшін арнайы жағдайлар жасалған.
Министрлік мәліметінше, тест тапсырмаларына қатысты апелляция тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беріледі. Техникалық себептер туындаған жағдайда апелляция тест барысында да қабылданады. Сертификаттар апелляция қаралғаннан кейін талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.
ҰБТ өткізу барысында 474 ереже бұзушылық тіркелген. Оның 298-і тестілеу залдарына смартфондар, смарт-көзілдіріктер, микроқұлаққаптар, шпаргалкалар және өзге де тыйым салынған құрылғыларды алып кіруге әрекет жасаумен байланысты. Мұндай жағдайлардың барлығы дер кезінде анықталып, талапкерлер тестілеуге жіберілмеген.
Ал тағы 176 талапкер тестілеу барысында тәртіп ережелерін бұзғаны үшін аудиториядан шығарылған. Олардың ҰБТ нәтижелері толықтай жойылған.
Ведомство мәліметінше, тестілеу кезінде өзге адамның орнына кіру фактілері анықталмаған.
Министрлік ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін барлық бейнежазбаларға талдау жүргізілетінін еске салды. Ереже бұзушылық анықталған жағдайда тест нәтижелері жойылуы мүмкін.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндік бойынша 446 мыңнан астам өтініш берген.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #ҰБТ #ҰБТ2026 #білімPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz