Жетісу облысы Жыланды ауылындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың командасы Шанхайда өткен робототехника байқауынан жүлделі оралды.
Жас инженерлер чемпионаттың ең танымал «Inspire» номинациясы бойынша үшінші орынға ие болды.
Бұл лицей оқушыларының алғашқы жеңісі емес. Былтыр олар Қытайда еліміздің намысын қорғап, үздік 40 команданың арасында бақ сынады. Сол кезде «Коннект» номинациясында жеңімпаз атанған еді. Биыл Шанхайда өткен жарыста 24 финалистің қатарында өнер көрсетті.
Иманғали Тасболат, дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың түлегі:
- Бір апта бұрын Шанхай қаласында өткен чемпионатта біз «Insipe» деген ең жоғары награда, жалпы сол награданы үшінші орын болып жеңіп алдық. Қазіргі уақытта біз дрондардың, ракетастроение жалпы сол барлық саланы қамтитын өткен фестиваль болатын, сол фестивальға дайындалып жатырмыз.
Лицейдің биылғы түлегі Зариф Фархатұлы үшін байқаудағы жеңіс жаңа жетістіктерге жол ашты. Білімі мен үш жылдық еңбегінің нәтижесінде ол ақылды машина жасауды меңгерді. Алдағы уақытта Еуропадағы жетекші жоғарғы оқу орындарының бірінде жасанды интеллект бағытында білімін жалғастырмақ.
Зариф Фархатұлы, дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың түлегі:
- Менің ойымша, робототехника болашақта өміріміздің ажырамас бөлігіне айналады. Қазір көптеген ел оны ауыл шаруашылығын, құрылысты автоматтандыру үшін қолдануда. Кейбір мемлекеттерде полиция қызметінде де пайдаланылады. Сондықтан осы саланы әрі қарай дамытып, өз үлесімді қосқым келеді.
Лицейде ұрпақтар сабақтастығы бар. Ауылдан шыққан түлектер шетел асып, білім іздесе, кейінгі буын олардың ісін жалғастырады.
Азат Ақтымбаев, дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың информатика пәні мұғалімі:
- Балалар да өте көп тәжірбие алып жатыр. Ол жердегі мысал үшін сол жылда қатысқан оқушылар бірте-бірте өздері тренер болып, өздері оқушыларын тәрбиелеп жатқан жағдайы бар. Менің де оқушыларым сол FIRST LEGO League-тарға қатысып, өздері қалада қазір мен баратын болсам өздері кіріп алады да, өздерінің командаларын дамытып, маған уже конкурент болады. Бұрын конкуренция аз болатын, қазір көп.
Эльмира Рапилова, дарынды балаларға арналған мамандандырылған лицей-интернаттың директоры:
- 2024 жыл оқуында робототехника заманауи зертханасын аштық. Балаларды робототехникаға инжеренияны дамыту саласына... Бүгін сол жетістіктер беруде. Былтырғы жылы «WATER-7» командасы халықаралық деңгейде Қытай мемлекетіне барып, кубогін иеленген болатын. Биылғы оқу жылында Орта Азиядан үздік атанып, Қазақстанның намысын қорғап келді.
Жыланды ауылындағы лицей өңірдегі жоғары технологиялар орталығына айналды. Мұнда екінші жыл қатарынан Қазақстанның мектептері мен жоғарғы оқу орындарының үздік командаларын жинайтын ауқымды робототехника фестивалі өтіп жатыр. Сонымен қатар дәстүрлі роботехникамен қатар дронды басқару және зымыран құрастыру секілді заманауи бағыттар енгізілді.
Карина Хаберова, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #Таңдаулы #Жетісу #оқушы #байқау #24KZ #жасанды интеллект жылыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz