Павлодарлық түлек Альтайыр Әсет Ұлттық бірыңғай тестілеуде еліміз бойынша ең жоғары көрсеткіш – 140 балл жинады.
Айтуынша, бұл нәтиже тәртіп пен жүйелі дайындықтың жемісі. Үздік түлек емтиханға жапондық оқу тәсілдерін негізге ала отырып дайындалған.
Альтайыр Әсет Ұлттық бірыңғай тестілеуде география мен математиканы таңдап, дайындықты алдын ала жасалған нақты жоспар бойынша жүргізген. Оның айтуынша, бес пән бойынша жүйелі еңбектің арқасында ең жоғары – 140 балға қол жеткізген. Бір жыл бойы таңғы сағат бестен тұрып сабақ оқыған түлек болашақ оқу орнын да әлдеқашан таңдап қойыпты.
Альтайыр Әсет, мектеп бітіруші түлек:
- Мен негізі өзім он бірінші сыныптың басында ойлап қойғанмын қай университетті таңдаймын деп және сол бойынша жұмыс істедім. Әрине 140 балды армандамасам да сол университетке түсетіндей балға жұмыс жасадым және де алла қаласа MNU Мақсұт Нәрікбаев университетіне түсу жоспарда бар.
Білім министрлігінің мәліметінше, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу шамамен 340 мың рет өткізілді. Жеті аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70 пайызы шекті балдан өтіп, орташа көрсеткіш 66 балды құрады. Ал павлодарлық Альтайыр Әсет жоғары нәтижеге жету жолындағы өз тәжірибесімен бөлісті.
Альтайыр Әсет, мектеп бітіруші түлек:
- Дайындыққа фокус қоюдың да жоспар жасаудың да план жасаудың да арнайы бір стратегиясы болуы керек. Мысалы барлығын бір күнге сыйдырмай мысалға адам өзіне, мысалы, қиын сабақтарды барынша ерте уақытқа қойған дұрыс, түскі уақытта барынша қиын сабақтарды оқып, кешкі уақытта қайталауға сол жапондық стильде оқыған дұрыс деп кеңес берер едім.
Альтайыр Әсет бұған дейін де түрлі білім бәйгелерінде жоғары нәтижелерімен көзге түскен. Ол «Алтын түлек» олимпиадасының жеңімпазы атанып, математика пәнінен республикалық олимпиаданың жүлдегері болды. Сондай-ақ «Абай оқулары» байқауында топ жарыпты.
Меңтай Мұқтарова, №7 ЖОБ мектебі директорының орынбасары:
- Бұл оқушы ата-ана және мұғалім арасындағы тығыз байланыстың, бірлескен еңбегінің нәтижесі деп айтқым келеді. Осындай жетістіктер біздің басқа оқушыларымызға да үлгі болып, оларды жаңа белестерге жетелейді деген сенімдемін. Ұстаз ретінде мен оның әр жетістігіне шын жүректен қуанамын. Болашағынан зор үміт күтетін бала. Альтайырға алдағы өмірінде сәттілік, биік белестерден көрінуге және үлкен жеңістер тілеймін.
Павлодар облысы соңғы жылдары білім сапасы бойынша жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Алайда кейінгі жылдары ҰБТ-дан ең жоғары – 140 балл жинау сиреп кеткен. Альтайырдың жетістігі білім саласы үшін тарихи жеңіс. Ал үздік түлек болашақта қаржыгер болуды армандайды.
Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар #ҰБТ2026 #балл #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz