Қазақстан Республикасы Қарулы күштері тарихында алғаш рет «Киберқауіпсіздік» әскери-есептік мамандығы бойынша запастағы офицерлер даярланды, деп хабарлайды «24KZ».
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтында 170-тен астам запастағы офицер мен сержант оқуын аяқтады. Олардың қатарында «Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша алғашқы түлектер мен «Байланыс» мамандығы бойынша даярлықтан өткен запастағы сержанттар бар.
Әскери даярлық бағдарламасын аяқтаған жоғары оқу орындарының студенттері салтанатты түрде Әскери ант қабылдады.
Оқу үдерісі студенттердің негізгі білім алуынан қол үзбей ұйымдастырылды. Бағдарлама барысында олар әскери іс бойынша теориялық білім алып, практикалық сабақтарға қатысып, оқу-жаттығу тәжірибесінен өтті.
«Киберқауіпсіздік» бағыты бойынша даярланған офицерлер ақпараттық жүйелерді қорғау, кибершабуылдардың алдын алу және оларға қарсы әрекет ету дағдыларын меңгерді. Ал «Байланыс» мамандығы бойынша сержанттар заманауи байланыс құралдарын пайдалану және қызмет көрсету бойынша білім алды.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының академиялық ұтқырлық бөлімінің әдіскері, майор Жанарбек Керімқұлов қазіргі Қарулы күштерге цифрлық технологияларды меңгерген білікті мамандар қажет екенін атап өтті.
Қазіргі әскери салада жоғары технологиялық ортада жұмыс істей алатын мамандарға сұраныс артып келеді. Сондықтан даярлық барысында теориялық біліммен қатар, практикалық дағдыларды қалыптастыруға басымдық беріледі, – деді майор Жанарбек Керімқұлов.
«Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша алғашқы түлектердің бірі – Алматы технологиялық университетінің студенті Азамат Нәбиев. Оның айтуынша, әскери даярлық кәсіби біліммен қатар жауапкершілік пен шешім қабылдау қабілетін дамытуға ықпал етті.
Оқу барысында біз топпен жұмыс істеуді, күрделі жағдайда шешім қабылдауды және алған білімімізді тәжірибеде қолдануды үйрендік. Әскери ант қабылдау – ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуге дайын екеніміздің белгісі, – деді Азамат Нәбиев.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты Қарулы күштердің заманауи талаптарына сай әскери-есептік мамандықтар қатарын кеңейтуді жалғастырып келеді.
2025 жылдан бастап институтта әуе шабуылына қарсы қорғаныс бағыты бойынша да запастағы офицерлер даярлана бастады. Ұшқышсыз ұшу аппараттары кеңінен қолданылып жатқан кезеңде бұл сала мамандарының маңызы артып отыр.
Институтта әскери даярлық бағдарламалары іске қосылғаннан бері заманауи әскери-есептік мамандықтар бойынша 190-нан астам запастағы офицер мен сержант даярланды.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #кибер қауіпсіздік #қарулы күштерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz