Елде ағартушылық бағыттағы «Кітап оқитын ұлт» жобасына қатысушылар қатары артып келеді.
Бұл жолы Түркістан, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі кітап оқу мәдениетін дамыту бағытында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Осылайша Мемлекет басшысының «Зерделі ұлт қалыптастыру» туралы Жарлығын бірлесіп іске асыру мақсатында ұзақ мерзімді әріптестік орнады.
«Кітап оқитын ұлт» жобасына үш өңір қосылды
Өскемен
Өскеменде «Кітап оқитын ұлт» жобасының таныстырылымы өтті. Меморандум аясында өңірлерде республикалық кітап оқу марафоны өтеді. Онда халықтың оқу мәдениетін дамыту, оқырмандарды қолдаудың заманауи жүйесін қалыптастыру және әр жастағы тұрғындарды кітап оқуға кеңінен тарту көзделуде. Марафон қыркүйек айында басталып, жеті бағытты қамтиды.
Аян Сақошев, «Кітап оқитын ұлт» ҚҚ атқарушы директоры:
- Мектеп оқушылары, студенттер, әр түрлі сала өкілдері қатыса алады. Олар 6 ай ішінде әрбірі 15 кітаптан оқып шығу керек. Оның аясында әртүрлі интеллектуалды квиздер, тестілеу, басқада шаралар өтеді. негізгі мақсат өңірдегі кітап оқу мәдениетін жастар және сала мамандары арасында дамыту.
Қызылорда
Қоғамдық қор Қызылорда облысының әкімдігімен де өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Тараптар өңірде жобаны бірлесіп жүзеге асыруға, кітап оқу мәдениетін дамытуға, ұлттық әдебиетті дәріптеуге және жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға бағытталған шараларды бірлесіп ұйымдастыруға келісті. Облыста өңірлік жоба кеңсесі құрылып, білім беру және мәдениет ұйымдарында үйлестірушілер айқындалады.
Түркістан
«Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қорының төрағасы Бақытжан Тұрлыбек жобаны танымал сервис технологиялық серіктес ретінде іске асыратынын атап өтті. Осы ынтымақтастықтың арқасында үш өңірдің тұрғындары ауқымды цифрлық кітапханаға тегін қол жеткізе алады.
Бақытжан Тұрлыбеков, «Кітап оқитын ұлт» ҚҚ Төрағасы:
- Біздің "Кітап оқитын ұлт" жобасына қатысушыларға олар тегін кітап оқуға өз мобилдік қосымшаларында мүмкіндік береді. QR-код арқылы кіріп, өздеріне сондай мүмкіндік ала алады. Кітап мәселесіне келгенде көбі қағаз түрінде оқуға дағдыланған болуы мүмкін. Мысалы, ата-аналар, мұғалімдер бар. Ол бойынша да біз қазір баспагерлермен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Кітапханаларға көптеп жеткізсек деп жатырмыз.
«Кітап оқитын ұлт» қоғамдық қоры былтыр шілде айында құрылды. Алғашқы жобаларын Қарағанды, Қостанай облыстары мен Шымкентте өткізді. Әр өңірден 100 мыңнан астам тұрғынды қамту жоспарланған. Биыл қор оқырман санын 1,5-2 млн адамға жеткізуді көздейді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Кітап оқитын ұлт #өңір #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz