RU
Толық нұсқаға өту

Астана медицина университеті ұлттық ЖОО мәртебесін алады

09.07.2026, 20:12 26

Астана медицина университеті Ұлттық жоғары оқу орыны мәртебесін алады.

Сонымен қатар білім ордасына белгілі ғалым, академик Төрегелді Шармановтың есімі беріледі. Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті тапсырма берген болатын. Медицина саласында білікті мамандар даярлайтын қара шаңырақты енді үлкен өзгерістер күтіп тұр. Мыңдаған студент пен болашақ дәрігер үшін қандай тың мүмкіндіктер ашылмақ? 

Жыл сайын мыңдаған ақхалатты маман даярлайтын Астана медициналық университеті осы оқу жылын жаңа мәртебемен қарсы алады. Енді білім алушылар оқу орнын Ұлттық университет мәртебесімен аяқтайды. Бұл жаңалық әсіресе жоғары курс студенттері үшін маңызды. Олардың айтуынша, жаңа мәртебе халықаралық байланыстарды кеңейтіп, білім мен тәжірибе алмасуға жол ашады. Ал жоғарғы оқу орнына белгілі ғалым, академик Төрегелді Шармановтың есімінің берілуі болашақ дәрігерлер мен зерттеушілерге үлкен жауапкершілік жүктейді.

Хусейн Пашаев, Астана медициналық университетінің студенті:

- Біздің университетке Төрегелді Шармановтың есімінің берілуі – үлкен мәртебе. Ол нутрициология ғылымының негізін қалаған, денсаулық сақтау саласының дамуына зор үлес қосқан тұлға. Ендігі міндетіміз осы атқа лайық болу. Ұлттық мәртебе алғаннан кейін шетелдік жоғары оқу орындарымен байланыс орнатуға мүмкіндігі артады.

Төрегелді Шарманов – медицина ғылымына, әсіресе тамақтану саласына елеулі үлес қосқан ғалым. Ол 1978 жылғы Алматы декларациясының негізін қалағандардың бірі. Бұл құжат халықтың денсаулық сақтау құқығын, оның ішінде алғашқы медициналық көмектің қолжетімділігін айқындады. Ғалымның ұлы әкесінің ғылымға қосқан үлесі мен қоғамдық денсаулық сақтау саласын жақсарту бағытындағы еңбегін атап өтті. Айтуынша, тоқырау жылдары академик шетелдік серіктестермен бірлесіп, елге йод пен темір қоспалары бар өнімдерді жеткізуге ықпал еткен. Олар кейін халық тұтынатын ұн мен тұзды байытуға қолданылды.

Алмаз Шарман, Профилактикалық медицина академиясының президенті:

- Ең алдымен, Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа алғысымды білдіремін. 2022 жылы Мемлекет басшысы әкеме «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын берді. Менің ойымша, бұл лайықты берілген марапат әрі ел Президентінің біздің отбасымызға деген ізгі ықыласының көрінісі.

Университет басшылығы жаңа мәртебе тек мүмкіндік емес, үлкен міндет екенін алға тартады. Алдағы уақытта оқу орнында жаңа білім беру бағдарламалары енгізіліп, халықаралық серіктестік аясындағы жобалар қолға алынады. Сонымен қатар медицина саласының оқытушылары мен ғылыми кадрлары да дайындалмақ.

Анар Тұрмұхамбетова, Астана медициналық университетінің ректоры:

- Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Қазір университеттің жаңа стратегиялық жоспарын әзірлеп жатырмыз. Басты мақсат – медициналық білім беру, заманауи технологиялар мен ғылымды біріктіретін орталыққа айналу.           

Бүгінде Астана медицина университетінде бірнеше елден келген 11 мыңға жуық студент білім алады. Ал жыл сайын оқу орнын 3 мыңға жуық маман тәмамдайды екен. Енді университет алдында жаңа белестер тұр. 

Шернияз Жалғасбекұлы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz