13 шілдеден бастап eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтінім қабылдау басталады, деп хабарлайды «24KZ» nitec.kz сайтына сілтеме жасап.
Құжаттарды 13 шілде сағат 09:00-ден 20 шілде сағат 18:00-ге дейін онлайн тапсыруға болады.
Биыл қызмет жаңартылып, талапкерге мемлекеттік білім беру грантының конкурстан тыс тәртіппен тағайындалғаны автоматты түрде тексеріледі. Тексеру Ұлттық тестілеу орталығының деректері негізінде жүргізіледі.
Егер талапкерге мемлекеттік білім беру гранты бұған дейін конкурстан тыс негізде тағайындалған болса, жүйе өтінім беру барысында бұл туралы хабарлайды. Мұндай жағдайда eGov.kz порталы немесе eGov Mobile арқылы қайта өтінім беру талап етілмейді.
Ал қалған талапкерлер өтінімді жалпы тәртіппен жолдайды. Жеңілдік санатына жататын азаматтардың мәртебесі де өтінім беру кезінде автоматты түрде расталады.
Өтінім беру үшін пайдаланушы eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, «Азаматтарға» – «Білім» – «Жоғары білім» бөліміне кіріп, «Білім беру гранттарын тағайындау, сондай-ақ жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алушыларға әлеуметтік қолдау көрсету» қызметін таңдауы қажет. Кейін «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, міндетті жолдарды толтырып, өтінімге қолжетімді тәсілдердің бірімен қол қояды. Өтінімнің мәртебесін пайдаланушы жеке кабинеттегі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен бақылай алады. eGov Mobile қосымшасындағы рәсім де осыған ұқсас.
Өтінім қабылдау кезеңінде порталдағы жүктеме артқан жағдайда пайдаланушылар ағыны электрондық кезек арқылы реттеледі. Кезек жақындағаны туралы SMS-хабарламаны алу үшін арнайы чекбоксты белгілеуге болады. Хабарлама мобильді азаматтар базасында тіркелген телефон нөміріне 1414 нөмірінен жіберіледі. Ал күту барысында браузер қойындысын жабуға немесе жаңартуға болмайды. Әйтпесе пайдаланушы кезектегі орнын жоғалтады.
Өтінім тапсырылғаннан кейін талапкер eGov.kz порталындағы жеке кабинетінде білім беру гранты конкурсына қатысқаны туралы электрондық анықтама алады.
Конкурс қорытындысы бойынша білім беру гранты тағайындалған талапкерлерге электрондық сертификат беріледі. Құжат 10 тамыздан кешіктірілмей eGov.kz порталындағы жеке кабинетте қолжетімді болады. Егер грант тағайындалмаса, талапкердің жеке кабинетіне тиісті хабарлама жолданады.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #грант #онлайн #құжат #eGovkzPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz