RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі

IPhO-2026 тарихында тұңғыш рекорд: Қазақстандық оқушылар елге 5 алтынмен оралды

15.07.2026, 09:30 43

Қазақстан құрамасы 56-шы Халықаралық физика олимпиадасында (IPhO-2026) тарихи нәтижеге қол жеткізіп, ел қоржынына алғаш рет бес алтын медаль салды. Жеңімпаз оқушыларды Алматы халықаралық әуежайында салтанатты түрде қарсы алды, деп хабарлайды «24KZ».

Алматы халықаралық әуежайында өткен қарсы алу рәсіміне Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова қатысып, ұлттық құраманы тарихи жетістігімен құттықтады. Министр олимпиадашыларды жоғары деңгейде дайындаған педагогтер мен тәлімгерлердің еңбегіне алғыс білдірді.

Қазақстанға алтын медальмен оралғандар – Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбеков, Ілияс Қазымбек, Роман Черемнов және Дамир Құрман. Сонымен қатар елге ұлттық құраманың жетекшісі Гүлия Нұрбақова мен команда жетекшілері Самат Мақсұтов және Әлішер Еркебаев келді.

Жеңімпаздарды гүл шоқтарымен, қошеметпен және ақжарма тілектермен қарсы алған көпшілік олардың Қазақстанның әлемдік зияткерлік аренадағы беделін арттырғанын атап өтті.

56-шы Халықаралық физика олимпиадасы 4–12 шілде аралығында Колумбияның Букараманга қаласында өтті. Беделді білім додасына әлемнің 85 елінен 381 оқушы қатысты. Қазақстан құрамасы өз тарихында алғаш рет барлық бес қатысушысының алтын медаль иеленуіне қол жеткізіп, рекордтық нәтиже көрсетті.

Бұл жетістік қазақстандық оқушылардың терең білімі мен ұстаздардың кәсіби дайындығын тағы бір мәрте дәлелдеді. Сондай-ақ дарынды жастарды қолдау мен білім беру жүйесін дамыту бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесін көрсетті.

Оқу-ағарту министрлігі жеңімпаздарды, олардың тәлімгерлері мен ата-аналарын тарихи жеңіспен құттықтап, бұл жетістік қазақстандық жастар үшін үлкен шабыт пен ел мақтанышы екенін атап өтті.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz