RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстандық физиктер Колумбиядан тарихи нәтижемен оралды

15.07.2026, 12:27 39

Халықаралық физика олимпиадасында бес алтын медаль жеңіп алған қазақстандық оқушылар елге оралды.

Оларды Алматы әуежайында туған-туыстары мен достары күтіп алды. Байрақты бәсеке Колумбияның Букараманга қаласында өткен еді. Бұл – Қазақстанның осы олимпиадаға қатысу тарихындағы ең үздік нәтижесі.

Алматы әуежайы түнде мерекелік күйге бөленді. Латын Америкасындағы Колумбиядан оралған балаларды күтіп алушылар көп. Биылғы білім сайысы 56-рет ұйымдастырылды. Әлемнің 85 елінен 400-ге жуық оқушы қатысты. Олар теориялық және эксперименттік кезеңдерде күрделі тапсырмаларды орындап, физикадан білімдері мен ғылыми дайындықтарын дәлелдеді.

Жұлдыз Сүлейменова, ҚР Оқу-ағарту министрі:

- Бұл – мемлекетіміздегі дарынды балаларды қолдауға бағытталған жүйелі жұмыстың өз нәтижесін бергенінің дәлелі. Елімізде адам капиталына инвестиция құюдың нәтижесі осындай болатынының нақты көрінісі. Қазір химия пәнінен халықаралық олимпиада өтіп жатыр. Одан кейін халықаралық математика, информатика бағыттары бойынша олимпиадалар ұйымдастырылады. Осы олимпиадалардың барлығына қазақстандық өрендер қатысып жатыр. Қатысқан балалардың барлығы осындай жоғары нәтижелер көрсетіп жатыр.

Ұлттық құрама халықаралық жарысқа бірнеше жыл бойы жүйелі дайындалған. Тәжірибелі ұстаздар мен халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары жас физиктерге тәлім берген. Жүйелі іріктеу де жемісін беріп отыр.

Самат Мақсұтов, физикадан ұлттық құраманың жаттықтырушысы:

- Жалпы физика олимпиадасы бізде жетінші сыныптан басталады. Ол жасөспірімдерге арналған олимпиада ретінде басталады. Одан кейін 9, 10, 11-сыныптарда кәдімгі үлкен олимпиадалар болып саналады. Олимпиаданың мектепішілік, аудандық, облыстық және республикалық деңгейлері бар. Республикалық деңгейде жоғары нәтиже көрсеткен оқушыларды жинап алып, оқу-жаттығу жиындарына шақырамыз.

Ұлттық құрамаға Нұргүл Егенбергенова, Әмірбек Азатбек, Ілияс Қазымбек мүше. Сондай-ақ Роман Черемнов пен Дамир Құрман бар. Барлғығы 11-12-сынып оқушылары.

Дамир Құрман, оқушы:

- Бізге ағайлар екі алтын, үш күміс жүлде алдық деп айтқан болатын. Біз өзімізде тағы үш алтын бар екенін білмедік. Алайда марапаттау кезеңінде күміс жүлделер аяқталды, біз күтіп отырдық. Барлық жүлдегерлерді атады, бірақ біздің атымыз аталған жоқ. Содан кейін ағайлар бізге келіп, бес алтын алғанымызды айтты. Сол сәтте қатты қуанып, орындарымыздан тұрып, бір-бірімізді құшақтадық. Тіпті қуаныштан жылағымыз келді.

Қазақстан бұл додаға 1997 жылдан бері қатысады. Былтыр біздің балалар екі күміс пен үш қола жеңіп алған еді. Биыл қатысқан бес оқушы да алтынға ие болып ел тарихында бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді. Сондай-ақ олимпиада жеңімпаздарына 2 миллионнан 6 миллион теңгеге дейін біржолғы сыйақы қарастырылған. Мұндай қолдау дарынды жастарды ынталандыра түседі.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Кенже Амраев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz