RU
Толық нұсқаға өту

Ақмола облысында 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр

21.07.2026, 07:50 67

Ақмола облысындағы 10 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның бесеуі – ауыл мектебі. 

Ал Көкшетау қаласы маңындағы Чайкино ауылының жүзге жуық баласы жаңа мектепте білім алады. Қазір ауылда жаңа мектеп салынып жатыр. 

Чайкино ауылындағы ескі мектеп жарты ғасыр бұрын салынған. Ескірген ғимарат заман талабына  сай емес. Ғимаратта спорт залы, акт зал мен асхана жоқ. Жаңа мектептің салынуы ауыл халқы үшін қуанышты жаңалық болды.

Едіге Ізетов, Чайкино ауылының тұрғыны:

- Осы ауылдың тұрғынымын. Бес баланың әкесімін. Бұрынғы Чайкино мектебінде балаларым оқиды. Жаңа оқу орны салынып жатыр. Қуаныштымыз. Бізде бұрын спорт зал болмаған. Мында спорт залдар болады, заманауи кабинеттер ашылады дейді.

Ауылда 96 оқушы бар. Олар жаңа оқу жылын жаңа білім ордасында бастамайды. Салынып жатқан 120 орындық мектепте оқушылар үшін қолайлы  жағдай жасалады.

Гүлнар Әуесханова, №15 орта мектептің директоры:

- Жобалық-сметалық жоспарға сәйкес мектепте мамандандырылған кабинеттер болады, спорт залы, спорт алаңы, мәжіліс залы, медициналық кабинет болады. Сонымен қатар мектепте жаңа кабинеттер, арнайы кабинеттер қарастырылған. Бұл оқушылардың сапалы білім алуы үшін үлкен мүмкіндік деп санаймын.

 

Облыс орталығындағы №16 мектеп ғимаратын күрделі жөндеу мамыр айында басталды. «Білім күніне дейін  жұмыс  аяқталады», - дейді мердігер мекеме өкілі.

Асқар Теміржанов, мердігер мекеме өкілі:

- Құрылыс-монтаж жұмыстарының 70 пайызы аяқталды. Белгіленген мерзімнен кешікпеу үшін екі ауысымда 100 адам жұмыс істеп жатыр. Қасбеті толық жаңартылды. Шатырды жөндеу жұмыстары жуырда аяқталады.

Нұрлан Мұқажанов, №16 орта мектептің директоры:

- Мектепке бұрын-соңды мұндай ауқымды күрделі жөндеу жүргізілген жоқ. 1962 жылы салынған білім ошағында 1156 оқушы білім алады. Жөндеу жұмыстары «білім беру ұйымдарын жаңғырту» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Сонымен қатар химия, биология, физика және робототехника пәндеріне арналған жаңа кабинеттер жабдықталады. Инклюзивті білім беру кабинеті де ашылады.

Жалпы өңірде 10 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа бюджеттен 6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінген.

Нұржан Қабдулинов, облыстық білім басқармасының бөлім басшысы:

- Он мектептің 5 мектебі ауылдық жердегі мектептер, 5-еуі қалалық жерде орналасқан. Сонымен қатар Қосшы қаласында мектеп құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта іргетасы құю жұмыстары жүргізіліп жатыр.  Бұл нысан 2027 жылы тамыз айына беру жоспарланған.

Сондай-ақ өңірдегі 106 мектепте орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, жұмыстар 2 тамызға дейін аяқталады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Арайлым Шытырымбек, Виктор Полянный

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz