Ақтөбелік оқушылар мектеп ауласында бақша баптайды. Жазғы лагерьге келген балалар қияр, қызанақ, асқабақ пен құлпынай өсіреді.
Экологиялық жобаның мақсаты – балаларды еңбекке баулып, қоршаған ортаға қамқорлық көрсету.
Мектеп ауласында бірінші болып құлпынай пісті. Жазғы лагерьге қатысқан балалар тіл үйіретін жемістен дәм татып үлгерді. Шілде айында келген оқушылар қызанақ пен қияр, тәтті бұрыш пен асқабақтың өскенін тамашалады. Күн сайын арамшөбін жұлып, суарды. Атыздарды түптеді.
Айзере Ерлан, оқушы:
- Біз жаттығулар жасаймыз, ойнаймыз және баптауға көмектесеміз. Арамшөптерді жұлуға көмектесемін және осы лагерьде демаламын. Еңбекке үйрендім, табиғатты аялауға үйрендім. Сонымен қатар табиғатқа көмектесуге үйрендім.
Заңғар Ерлан, оқушы:
- Мен барлығын түсіндім. Бізге табиғат барлығын береді екен. Жақсы өсірсең, ол саған жақсы өнімдерді, көкөністерді береді.
Мектеп жанындағы бау-бақша жобасы үш жыл бұрын басталған. Оған 4-сыныптан бастап 8-сыныпқа дейінгі оқушылар қатыса алады. Биыл еңбек лагеріне 200-ге жуық бала жазылған.
Сәбит Шөйтенов, Х. Доспанова атындағы №14 орта мектеп директоры:
- Ата-аналар қауымы ауызбіршілікпен қолдады және соның арқасында балалармен тығыз байланыста еңбекке баулу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл жерде ең көмек беріп жатқан ата-аналар және мектебіміздің ардагер ұстаздары. Өздірінің тәжірибесін осы жазғы алаңда оқушылармен және жас ұстаздармен бөлісіп жатыр.
Биыл мектеп ауласына мұғалімдер мен ата-аналар 30 түп алма, алмұрт және өрік көшеттерін еккен. Балалар өңірлік «Мектеп орманшылығы» жобасына да белсенді қатысып, қала айналасын көгалдандырады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов
Тегтер #Ақтөбе #мектеп #Аула #бау бақшаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz