Бүгін Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен 2026-2030 жылдарға арналған ғылымды стратегиялық дамытудың кешенді жоспарының жобасы қаралды.
Құжатта ғылымды басқару жүйесін жетілдіру, кадр даярлау, салалық және өңірлік ғылымды дамыту, сондай-ақ бірыңғай инновациялық экожүйе қалыптастыру бағыттары бойынша 72 іс-шара қарастырылған. Жиын барысында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев ғылыми басымдықтарды айқындаудың жаңа әдістемесін таныстырды. Сондай-ақ Кореяның Кисти институтымен және Қытай ғылым академиясымен бірлескен жобалар таныстырылды. Атап айтқанда, Силкнет орталығы ғылыми-технологиялық саясатты болжау және талдау бағытында жұмыс істейді. Ал Дип Бэйс кеңістіктік-уақыттық жасанды интеллект технологияларын пайдалана отырып, су ресурстарын басқаруға бағытталған. Жоба келер жылы елде үш ауқымды бассейнде пилоттық режимде іске қосылмақ. Отырыс соңында Аида Балаева ғылым мен инновацияны дамыту жоспарларын бір құжатқа біріктіруді тапсырды. Оның айтуынша, мемлекеттік қолдау ғылыми әрі практикалық құндылығы бар, нәтижесін іс жүзінде енгізуге және коммерцияландыруға мүмкіндігі жоғары жобаларға ғана берілуі керек. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу институттарына толық түгендеу жүргізіп, олардың кадрлық және ғылыми әлеуетін бағалау мен тиісті инфрақұрылымды қалпына келтіруді жүктеді.
Ақылбек Күрішбаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті:
- Енді біз ғылымның басым бағыттарын мемлекеттің стратегиялық міндеттері мен экономиканың бәсекелестік артықшылықтарына сүйене отырып анықтауды ұсынып отырмыз. Олар форсайттық зерттеулердің нәтижесі бойынша белгіленеді. Академия енді тек сараптамалық кеңес ретінде жұмыс істемейді. Елдегі ең жоғары ғылыми ұйым ретінде флагмандық ғылыми бағдарламаларды өзі ұйымдастырып, үйлестіреді. Премьер-министр жыл басында тиісті тапсырма берді. Соған сәйкес, 8 флагмандық ғылыми бағдарлама Ғылым академиясының жетекшілігімен жүзеге асырылады.
Тегтер #ғылым #стратегия #Балаева #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz