Қарағанды облысында 18 мектептің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр.
Тағы 124 мектеп ағымдағы жөндеуден өтеді. Өңірде жаңа оқу жылына дайындық қызу. Жауаптылардың айтуынша, мектептер тамыздың 20-сына дейін толық дайын болады. Осылайша оқушылар жаңа оқу жылын қауіпсіз, жайлы әрі заманауи білім ошағында бастайды.
Қаладағы №50 мектеп 1962 жылы пайдалануға берілген. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Былтыр реновация бағдарламасымен ғимаратты толық жаңарту жұмысы басталды. Білім ошағында 573 бала оқиды.
Жанар Балапанова, мектеп директоры:
- 2024-2025 жылғы оқу жылында бізде фасад, бірінші қабат толық күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда бізде 2, 3-қабат күрделі жөндеуден өтіп жатыр. 493 миллион теңге ақша бөлінді. Былтырғы оқу жылында 272 миллион теңгені толық жүз пайыз игердік. Биылға 221 миллион теңге қарастырылып отыр.
Күрделі жөндеу аясында мектептердің қасбеті, шатыры жаңартылып, терезелері ауыстырылып, инженерлік желілер жаңғыртылып жатыр. Сонымен қатар спорт залдары мен асханалар жөнделіп, мектеп аумақтары абаттандырылуда.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Биыл Қарағанды облысында 18 мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Олар негізінен өткен ғасырдың 50-70 жылдары пайдалануға берілген ескі ғимараттар. Барлық жұмысқа жалпы облыстық бюджеттен 8 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген.
Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан мектептердің 11-і Қарағандыда, қалғаны Шет, Абай, Қарқаралы мен Осакаров аудандарында орналасқан.
Есентай Әшім, қалалық білім беру бөлімінің басшысы:
- Оқу-ағарту министрлігінің реновация жобасына енген мектептер. Мағынасына келген кезде реновацияның негізгі талабы осы мектептердің жұмыстары мен дизайнын мынау «Келешек мектептердің» жағдайына толық жеткізу болып табылады. Сондықтан бұл тек қана күрделі жөндеу жұмыстары емес, 18 мектептің жабдықтарын да толық ауыстыру болып саналады.
Облыста 124 мектепте ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатыр. Білім ошақтарының материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып келеді, дейді жауаптылар. Былтыр химия, биология, физика, STEM бағыттары және робототехника бойынша 78 заманауи пәндік кабинет жабдықталды. Жаңадан салынып жатқан мектептер де бар. Қарағандыдағы апатты жағдайдағы №44 мектептің орнына 300 орындық жаңа ғимарат бой көтерді. Сонымен қатар «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында тағы төрт мектептің құрылысы жақында аяқталады.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит
Тегтер #24KZ #Таңдаулы #Қарағанды облысы #мектепPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz