Жетісу облысының Көксай ауылында заманауи мектеп ашылады. Ауқымды жобаға Арнайы мемлекеттік қордан 1,5 миллиард теңге бөлінді.
Қазір құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Осылайша, жаңа оқу жылында балалар жайлы әрі қауіпсіз мектепте білім алады.
Көксайдағы жалғыз мектеп сонау 1970 жылы салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген. Енді биылғы алғашқы қоңырау жаңа ғимаратта соғылады. Заманауи білім ошағының құрылысына Арнайы мемлекеттік қордан 1,5 миллиард теңге бөлінді.
Сембай Әбдіқадыров, Көксай ауылының тұрғыны:
- Міне, енді мектеп ашылса, спорт залы да ашық. Волейбол ойнайтын жері бар, футбол ойнайтын жері бар. Жарығымыз бар, газымыз бар, суымыз бар, мектебіміз бар. Енді бізге тағы қандай жағдай керек?
Асхат Молдабаев, Көксай ауылының тұрғыны:
- Осы мектепті бітіріп, үшінші сыныпқа дейін осында оқыдық. Ал 4–10-сыныптарды Қаспанда оқыдық. Ол кезде солай болатын. Кейін өз ауылымызда мектеп салынды. Енді балаларымыз ешқайда бармай, өз ауылымызда оқиды.
Жаңа мектептің жайлылығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Ғимарат алты корпустан тұрады. Мектепалды даярлық пен бастауыш сынып оқушылары жоғары сыныптардан бөлек оқиды. Асхана мен спорт залы толық дайын. Қазір соңғы әрлеу жұмыстары жүріп жатыр.
Алмас Кентбаев, мердігер ұйым өкілі:
- Тоқсан пайызы бітті. Ішкі жұмыстардан тек қана ұсақ-түйек жұмыстар ғана қалды. Сыртқы жұмыстарға келетін болсақ, олар 70 пайызға орындалып тұр. Бұл жерде негізгі қалған жұмыс – асфальт төсеу.
Арнайы мемлекеттік қор ақшасына Жетісу облысында тағы бір ірі жоба қолға алынған. Үштөбеде 600 орындық мектептің құрылысы қарқын алды. Жалпы биыл өңірде төрт білім беру мекемесі қолданысқа беріледі.
Айдос Күнесбаев, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
- Үш мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Көксу ауданы Мұсабек ауылында және Ескелді ауданы Бостоған ауылындағы мектептерде күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.
Облыста келер жылы үш мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін бюджеттік өтінім дайындалды. Сонымен қатар болашақта салынатын 11 білім беру нысанының жобалық-сметалық құжатты әзірленді.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Гүлнар Жантасова, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #қор #қаржы #Таңдаулы #мектепPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz