RU
Толық нұсқаға өту

«ХХІ ғасыр көшбасшысы»: үздік 18 қатысушы анықталды

27.07.2026, 15:02 37

«Хабар» телеарнасындағы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының іріктеу кезеңі аяқталды. Жартылай финалға 108 оқушының арасынан 18 қатысушы өтті. 

Осылайша, тележобадағы тартыс арта түсті. Зияткерлік ойынның басты мақсаты - жас дарындарға қолдау көрсету. 

Сарапшылар жартылай финалға өткен балалардың білім деңгейін жоғары бағалап отыр. Бұл кезеңге осал қатысушының өтпейтіні анық. Республикалық сайысқа қатысу үшін бір пәнді меңгеру жеткіліксіз. Тележоба ережесі бойынша оқушылар кез келген сала сұрақтарына сақадай сай болуы қажет.   

Қадыржан Шияпов, Абай атындағы ҚазҰПУ қауымдастырылған профессоры:

- Бүкіл Қазақстаннан келген оқушылар қатысып жатыр. Барлығының білім деңгейі жақсы. Дегенмен қазіргі заманның қарқынына сай өздерін ұстау қабілеті әртүрлі. Кейбірінде аздап сасқалақтау байқалады. Бұл ойын барысында анық көрініп жатыр. Жалпы оқушылардың білім деңгейі жоғары. Біз өте риза болып отырмыз.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, оқушылар осы жылғы зияткерлік ойынға тыңғылықты дайындалған. Биылғы қатысушылар бұған дейінгі жарысты қарап, біраз зерттегені көрініп тұр. 

Гүлнәр Сүлейменова, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» жобасының продюсері:

- Сұрастыра келе, біз ол балалардың 21-ғасыр көшбасшысы жобасын 22 бағдарламасын толығымен бір емес бірнеше реттен қарап шыққандарын білдік. Сол жерде олардың бізге айтқаны. Былтыр балалардың көпшілігі мақал-мәтелдерді, қазақтың салт-дәстүрін, тарихын онша жақсы білмеді дейді.  Ал биыл сол балалар, өткен жылғы балалардың олқылықтарының орнын толтырып кәдімгідей салт-дәстүр, мақал-мәтел жағынан кәдімгідей жақсы дайындалып келген. 

«ХХІ ғасыр көшбасшысы» дарынды өрендерді көшбасшлыққа тәрбиелейтін жоба. Зияткерлік ойынның жеңімпаздары үш жоғары оқу орнында тегін білім ала алады. Ғылым және жоғары білім министрлігі осындай мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ тележобаға Мәдениет және ақпарат, Оқу-ағарту министрліктері қолдау көрсетіп келеді. 

Авторлары: Ернұр Рысбай, Мұхит Құдықбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz