RU
Толық нұсқаға өту

Жетісудағы ауылда 1970 жылдан бері алғаш рет жаңа мектеп салынды

02.08.2026, 13:00 36

Жетісу облысының Рудничный ауылында қайтарылған активтер есебінен жаңа мектеп салынып жатыр.

Ғимарат құрылысына 2 млрд 500 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Аталған білім ордасы пайдалануға берілгенде шалғай елді мекендегі ең өзекті мәселе шешімін табады. 

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Рудничный ауылының балалары биылға дейін мына 1970 жылы салынып бір де бір рет күрделі жөндеу көрмеген мектепте оқып келді. Мемлекеттік бағдарлама негізінде осы ескі ғимараттың жанынан жаңа білім ошағы бой көтерді. Енді ауылдағы 200-ге жуық оқушы жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастайтын болады. 

3 мың шаршы метрлік ғимарат құрылысы былтыр басталып, биыл аяқталды. Қазір мердігер мекеме өкілдері ауланы қоршау, спорт алаңдарын салу сынды сыртқы жұмыстарға кірісті.

Дәурен Ақтамов, мердігер мекеме директорының орынбасары:

- Қазір 47 адам жұмыс істеп жатыр. Оның 35-і сыртқы абаттандыру жұмысының жұмысшылары, қалған жұмысшылары ішкі жұмыстарды жасап жатыр. Мебельдерді орналастыру, құрастыру сияқты жұмыстармен айналысып жатыр.

Білім ордасында шағын орталық, мектеп алды даярлық тобы ашылады. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 38 бейнебақылау камерасы орнатылып, сыныптар қажет құралдармен жабдықталады.  

Әсел Жақсыбаева, мектеп директоры:

- 21-ғасырдың заман талабына сай жаңа кабинеттер қарастырылып отыр. Соның біреуі мультимедиялық кабинет. Химия, биология кабинеті. Ескі мектепте еңбек пәні ұлдар, қыздарға арналған жеке кабинет жоқ болған. Осы жаңа мектепте еңбек пәнінде қыздарға арналған тігін машинелері қарастырылған. Ұлдарға неше түрлі құрал жабдықтармен қамтамасыз етіліп отыр. 

3 жылда Жетісу облысының аумағында қайтарылған актив есебінінен 29 әлеуметтік нысан салынды. Құрылысқа 42 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалған.  

Мұрат Нұрмұханов, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

-13 мың тұрғыны бар 21 елді мекенде 21 денсаулық сақтау нысандары салынды. 4 мыңнан астам тұрғыны бар төрт ауылға жаңадан су құбыры тартылып, олар сапалы ауыз сумен қамтылды. Және де биылғы жылы 4 ауылды мекенннің балалары өздерінің жаңа оқу жылын жаңадан сапалы стандарттарға сай мектептерде бастайды. Бұл нысандардың іске асырылуы облысымыздың экономикалық және тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға көп үлесін қосатынына сенімдіміз.

Жоба аясында Қаратал ауданының Үштөбе қаласында 600 балаға арналған тағы бір мектеп құрылысы қолға алынды. Білім ошағы келесі жылы ел игілігіне берілетін болады. 

Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдрешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz