RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстан ара шаруашылығын цифрландырып жатыр: Apislab жүйесіне 201 омарта қосылды

03.08.2026, 11:02 27

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының (ҰАҒББО) ғалымдары араларды селекциялау және омарталарды басқаруға арналған алғашқы Apislab цифрлық платформасын әзірледі, деп хабарлайды 24kz.

Жоба «Ара шаруашылығындағы селекциялық үдерісті тиімді басқару технологияларын әзірлеу» бағдарламасы аясындағы бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру негізінде жүзеге асырылды. Платформа ғылыми зерттеулерді, цифрлық есепке алу жүйесін және омарталарды басқарудың заманауи құралдарын біріктіріп, селекциялық жұмыстарды ғылыми тұрғыда сүйемелдеуге мүмкіндік береді.

Apislab – өзара байланысқан үш компоненттен тұратын бірыңғай цифрлық экожүйе. Apislab Science веб-қосымшасы ара қанаттарының цифрлық кескіндері арқылы морфометриялық талдау жүргізуге және ғылыми зерттеулер нәтижелерін сақтауға арналған.

Apislab Apiary омарталарды, ара ұяларын және аналық араларды есепке алуға, өндірістік үдерістерді тіркеуге, сондай-ақ бірыңғай сәйкестендіру жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал Apislab Mobile мобильді қосымшасы омарташыларға ара ұяларын тікелей омартада тексеруге, селекциялық белгілерді бағалау нәтижелерін енгізуге және деректерді автоматты түрде ортақ базаға синхрондауға көмектеседі.

Платформаның басты ерекшеліктерінің бірі – әрбір ара ұясына бірегей сәйкестендіру нөмірі мен QR-код беру мүмкіндігі. Бұл омарташыларға ара ұясының толық тарихына жылдам қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүргізілген тексерулер мен басқа да іс-шаралар туралы ақпарат бірыңғай ақпараттық жүйеде сақталады.

Apislab платформасы пайдаланушылар үшін тегін. Жұмысты бастау үшін ара шаруашылығын жүйеге тіркеу жеткілікті. Осыдан кейін платформаның барлық мүмкіндіктері қолжетімді болады: омарталарды цифрлық есепке алу, тексерулердің электрондық журналдарын жүргізу, мобильді қосымшаны пайдалану және селекциялық жұмыстарды қолдау құралдары.

Apislab платформасын енгізу отандық ара шаруашылығын цифрландыруға, селекциялық жұмыстардың тиімділігін арттыруға, бал араларының генетикалық ресурстарын сақтауға және ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.

Қосымшаны apislab.kz сайты арқылы жүктеп алуға болады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz