RU
Толық нұсқаға өту

Астанада INESS-2026 конференциясы басталды

05.08.2026, 22:33 43

Әлемнің жетекші ғалымдары Назарбаев университетінде бас қосты.

Материалтану, аккумулятор технологиясы және энергетика саласының сарапшылары наноматериалдар мен озық энергия сақтау жүйелеріне арналған халықаралық конференцияға қатысты. Жиында инновациялық материалдар және аккумулятор өндірісіндегі ғылыми жетістіктер кеңінен талқыланды.

Электр көлігі, дрон, энергия сақтау құрылғылары мен ғарыш техникасы қарқынды дамыған сайын заманауи аккумуляторға сұраныс күрт артып келеді. Сондықтан салада жаңа ғылыми бастамалар әзірлеп, отандық өндірісті дамыту стратегиялық маңызға ие. Халықаралық конференцияда осы мәселеге басымдық беріліп, мамандар түрлі жобаларды талқылады.

Жұмабай Бакенов, NU профессоры, INMET бас директоры:

- Нарыққа дайын технологиялар бар. Біз олар бойынша қазір компаниялармен сөйлесіп жатырмыз. Ең алға шыққан жетістіктердің бірі біздің бір аккумулятор, электромобиль шығаратын компанияның автомобилінде тестіленген. Ол тесттен өте жақсы өтті деп айтады. 

 Жапония, Корея, Қытай, сондай-ақ Еуропа мен Солтүстік Америка елдерінен келген 30-дан астам ғалым өз тәжірибесімен бөлісіп жатыр. Халықаралық конференция 2013 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Осы аралықта серіктестер ұсыныс-пікірмен ғана шектелмей, мамандар даярлауға көмектесті. Бүгінге дейін 36 отандасымыз шетелде білім алған.

Шиничи Комаба, Токио ғылым университетінің профессоры:

- Бұл өте маңызды конференция. Өйткені мұнда тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол. Ең алдымен аккумулятор өндіру саласындағы ең озық ғылыми жетістіктермен танысып жатырмыз. Бұл бағыт кейінгі жылдары қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар Қазақстан Орталық Азияда орналасқандықтан, Азия мен Еуропа ғалымдарының бас қосуына қолайлы орын болып тұр. 

Назарбаев Университеті ұйымдастырған конференция, расымен, Орталық Азиядағы ең беделді халықаралық ғылыми алаңдардың біріне айналды. Зерттеушілер биыл да жаңашылдықтарды пысықтап, ғылым мен өндірісті тоғыстыруға ниетті. Ауқымды шара 7 тамызға дейін жалғасады. 

Еркебұлан Смадияров, Асхат Қарағойшиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz