9-сынып оқушылары Інжу мен Думан жазғы демалысты кітапханада өткізіп жүр.
Жеткіншектер осы уақытқа дейін 500-ден астам көркем әдеби кітап оқып тауысқан. Ал 85 жастағы Гүлжан апа өмір бойы 20 мыңнан астам кітап жинап, ұрпағына мұра етіп қалдырып жатыр. Кітап оқудың пайдасын түркістандық ақсақал Қыдырәлі де дәріптеп жүр. Атаның ой-танымын қандай кітап өзгертті?
Биыл 9-сыныпқа көшкен Інжу Егеубек пен Думан Сейітбек бос уақытын кітапханада өткізеді. Зейінді шәкірттер кітапқа деген құмарлық адам бойына ананың сүті, атаның қаны және ұстаздардың тәрибесі арқылы берілетінін айтады. Сондықтан ақыл мен парасат, таным мен талғам сияқты ізгі қасиеттерді кітаптан іздейді.
Інжу Егеубек, 9-сынып оқушысы:
- Осы уақытқа дейін көптеген кітап оқыдым, нақты санын айту қиындау. Жалпы оның ішінде қазақ әдебиетінің және әлем әдебиетінің де кітаптары бар. Морганның "Көне қоғам" деген кітабы бар. Шытырман оқиғаға толы Паулоның "Алхимик" деген романы бар, өте керемет. "Болам десең білімді, оқы да отыр кітапты" дейді ғой. Сондықтан кітап оқығанды жаным сүйеді.
Думан Сейітбек, 9-сынып оқушысы:
- Кітап оқығаннан ойлау қабілетің артады, тіл байлығың көбейеді және адамдармен қарым-қатынасың жақсарады. Бұл уақытқа дейін мен 500-ден аса әдеби кітап оқыдым. І.Есенберлинның "Көшпенділер" кітабын оқыдым. Шетелдіктен Джек Лондонның кітабын оқып бітірдім.
Қолынан кітап түспейтін жеткіншектерді кітапхана қызметкерлері де танып алған. Олар мұнда тек кітап оқып қана қоймай, кітапхана ұйымдастырған мәдеи шаралардың да белсенді қатысушысы.
Назерке Әбдіхалық, кітапханашы:
- Олар біздің кітапханамыздың тұрақты оқырмандары. Әртүрлі жанрдағы кітаптарды сұрап, қызығушылықпен оқып отырады. Кітапқа, білімге деген құштарлықтарының арқасында кітапханада өтетін кітапқа байланысты мәдени іс-шараларға белсенді қатысып тұрады. Өз қатарластарының арасында өзгелерге үлгі бола алады деп ойлаймын.
Ал 85 жастағы қала тұрғыны Гүлжан Асылбайқызы саналы ғұмырында дүние емес, 20 мыңнан аса кітап жинапты. "Бұрын дүкенге түскен жаңа кітапты бірінші мен алатынмын" дейді. Бүгінде рухани қазынасының көпшілігін қыздары мен немерелеріне бөліп бергенін айтады.
Гүлжан Асылбайқызы, зейнеткер:
- Кітап - ол жан байлығы. Ол ешкімнен ештеңе сұрамайды, тұрады. Әр кітапты оқыған сайын сіздің жаныңыз өзгереді. Сіздің ойыңызды толықтыратын ең бір жақсы байлық. Мен кітап жиғаныма өкінбеймін. Мен ойлаймын, менің немере, шөберелерім "мынау менің әжемнің жиған кітабы еді" десе, соның өзі үлкен абырой.
Ал қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Рысбеков адамның танымы өзгермей, өмірі де өзгермейтінін айтады. "Ал рухани танымның қайнар көзі кітапта" дейді қария.
Қыдырәлі Рысбеков, Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Маған әсер еткен Яссауи бабамыздың еңбектері, Абайдың 45 қара сөзін оқысаңыз, бүкіл ғалымдардың еңбектерінің қаймағын бір жерге жинаған деп айтар едім. Мәшһүр Жүсіптің, Имам Ғазалидің, Румидің, Шәкәрімнің, менің өмірімді, өмірге деген көзқарасымды, болмысымды, танымымды өзгерткен осы кісілердің кітаптары, шығармалары, өмірбаяндары. Кітаптың құдіреті деген керемет. Соны біз бағалай білуіміз керек.
Ғалымдар күнделікті өмірде үзбей кітап оқуды әдетке айналдырған адамның танымы терең, санасы сергек болады дейді. Сана ниет пен ойды түзейді. Ал адамның ойы өзгерсе, өмірі де өзгеретіні бесенеден белгілі.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #кітап оқу мәдениеті #адам #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz