«XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасының жартылай финал ойындары аяқталды. Нәтижесінде 6 үздік оқушы ақтық сынға жолдама алды.
Сарапшылардың айтуынша, ойын өте тартысты өткен. Бұл пікірді балалардың ата-аналары, ұстаздары мен жанкүйерлері де растап отыр. Үздік шыққан түлектер енді алдағы финалдық сайыста бақ сынайды.
Қанат Нұрқанат, Саят Қалтай, Зағипа Құттыбай, Дәурен Асылхан, Нұрымбек Асқарбек, Рамазан Әбдіразақ. Жартылай финалда үздік ойын өрнегін көрсетіп, ақтық ойынға шыққан осы өрендер. Барлығы дерлік биыл мектеп бітірді. Таңдауларын жасап қойған. Бірі жаратылыстану-математикалық бағытта, енді бірі қоғамдық-гуманитарлық саланың маманы болғысы келеді.
Асқарбек Нұрым, «Зерделі» халықаралық мектебінің түлегі:
- ҰБТ-дағы таңдаған бағытым дүниежүзі тарихы және ағылшын болғандықтан гуманитарлық пәндерден жақсы болдым. Бұған дейін болған сайыстарды көріп, соның арқасында мен осы жерде жобамен таныс болдым. Соның арқасында мен сұрақтардың көбісіне мүдірмей тез жауап бере алдым.
Жартылай финалда ойынның тартысты болғаны соншалық, түлектер бір-біріне дес бермеді. Айырмашылық 1-2 балл ғана болды.
Қанат Нұрқанат, Білім-инновация лицейінің түлегі:
- Жалпы ойын өте жоғары деңгейде өтті. Бұны менің жай ғана құрғақ сөздерім емес, қарсыластарымыздың балы мен біздің ұпайымыздың арасындағы айырмашылық та көрсетіп береді деп ойлаймын. Бірінші орынның жеңімпазы – 29 балл, екінші орын – 28, ал менен кейінгі үшінші орын – 27 балл. Көріп тұрғандарыңыздай, біздің финалға жолдама алуымыз бен алмауымызды небәрі бір балл ғана шешіп кетті.
Бағдарлама төрт кезеңнен тұрады: Сөре, Қарқын, Бақ пен бап, Мәре. Сөре кезеңінде 30 сұрақ балалардың барлығына бірдей қойылады. Кім бірінші болып түймені басады, сол жауап береді. Қателесіп жатса, кезек келесі оқушыға ауысады. Қарқында ұяшықтарды ашу арқылы өздеріне тиесілі сегіз ұпайды алады. Бақ пен бапта бір минуттың ішінде 15 сұрақ қойылады. Мәре кезеңінде әр дұрыс жауапқа 2 ұпайдан 4 ұпайға дейін беріледі. Биылғы ерекшелік соңғы бөлім жасанды интеллектпен жасалды.
Өміртай Еділханұлы, сарапшы:
- Мынау жартылай финалда жан алысып жатыр кәдімгідей, финалға шығу үшін бұл жерде оқушылардың өздерінің нақты жауап беруін бір-бірінен талап етіп, әрі қандай да бір нақты сөздер жетіспей қалса, «ол толық айтқан жоқ қой» деген сияқты тартыс туып жатыр. Бұның өзі адамның көңілін кәдімгідей көтеріп, қуантатын жағдай.
Бұл дода жылдам ойлау, шешім қабылдай білу дағдыларын талап ететін бәсеке. Мақсат – зияткерлік деңгейі жоғары, көшбасшылық қасиеті дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу. Оған қоса, сайыс дарынды жастарға қолдау білдіреді.
Досымбек Қонысбекұлы, тележүргізуші:
- «XXI ғасыр көшбасшысы» бағдарламасы жалпы бүгінгі қазақ қоғамына, қазақ жастарына өте керекті бағдарлама деген сенімдеміз. Оқушылардың, ойыншылардың берген жауаптарына қарап, көп жағдайда айызың қанып тұрады. Осындай керемет білімді жастардың ұрпағы өсіп келе жатқанын көріп, қуанасың.
Енді ақтық сын бұдан да тартысты өтетіні сөзсіз. Барлығы жеңімпаз болғысы келеді. Алғашқы үш жүлделі орынға Ғылым және жоғары білім министрлігі білім грантын табыстайды.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон
Тегтер #XXI ғасыр көшбасшысы #жартылай финал #ойын #жолдамаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz