Астана қаласындағы Ақан Құрманов атындағы №17 мектеп-гимназиясының 10-сынып оқушысы Аэлита Әділханның ғылыми-зерттеу жұмысы халықаралық Oxford Journal of Student Scholarship студенттік ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды «24KZ».
Елорда әкімдігінің ресми сайтының жазуынша, жас зерттеушінің «Evaluating the Role of Goat Milk Bioactives in Immune Modulation of Seasonal Allergic Rhinitis» атты ғылыми мақаласы маусымдық аллергиялық ринит жағдайындағы ешкі сүтінің биологиялық белсенді компоненттерінің ықтимал әсерін зерттеуге арналған.
Зерттеу барысында ешкі сүтінің құрамындағы пептидтер, олигосахаридтер және май қышқылдары секілді биологиялық белсенді заттардың иммундық жүйемен байланысы қарастырылған. Автор олардың иммундық жауапты реттеудегі ықтимал рөлін және маусымдық аллергиялық ринит жағдайындағы әсерін ғылыми тұрғыдан зерделеген.
Аллергиялық ринит – маусымдық кезеңдерде көптеген адамның өмір сапасына әсер ететін кең таралған мәселелердің бірі. Осы тұрғыдан алғанда, жас зерттеушінің жұмысы тағам құрамындағы табиғи биологиялық белсенді заттардың иммундық жүйемен өзара байланысын ғылыми тұрғыда қарастыруымен ерекшеленеді.
Әэлита Әділханның мақаласы 2026 жылғы 11 тамызда жарияланған. Зерттеу жұмысына жеке DOI нөмірі берілген.
Жас зерттеушінің халықаралық студенттік ғылыми басылымда мақаласының жарық көруі – оның ғылымға деген қызығушылығы мен зерттеу жүргізу дағдысының нәтижесі. Мұндай жұмыстар оқушылардың академиялық ізденісін арттырып қана қоймай, ғылыми ойлау қабілетін қалыптастыруға және халықаралық білім кеңістігіне шығуына мүмкіндік береді.
Астана қаласының білім беру жүйесінде оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға, ғылыми жобаларға қатысуына және заманауи ғылым бағыттарын меңгеруіне ерекше мән берілуде. Әэлита Әділханның жетістігі – елордалық оқушылардың ғылыми-зерттеу бағытындағы әлеуетін көрсететін жарқын мысалдардың бірі.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Астана #мектеп оқушысы #ғылыми журнал #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz