RU
Толық нұсқаға өту

«XXI ғасыр көшбасшысы» жобасының жеңімпаздары анықталды

22.08.2026, 19:31 43

«XXI ғасыр көшбасшысы» жобасының жеңімпаздары анықталды.

Үш бірдей жүлдегер еліміздегі үздік жоғары оқу орындарының грантына ие болды. Зияткерлік бағдарлама «Хабар» арнасының туындысы. Жобаның 20 жылдан астам тарихы бар. Бірнеше жыл үзілістен кейін көрерменмен қайта қауышты. 2024 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл оған 15 мыңнан астам оқушы қатысты. Ең үздігі «XXI ғасыр көшбасшысы» атанды.

«XXI ғасыр көшбасшысы» Нұрқанат Қанат. Ол Тараз қаласындағы дарынды ер балаларға арналған білім-инновация лицей-интернатының түлегі. Айтуынша, көшбасшы атану оңай соқпаған. Алдымен қалалық, одан кейін облыстық сайыста білімін дәлелдеген. Кейін республикалық кезеңге жолдама алып, финалға дейін сүрінбей жетті. 

Нұрқанат Қанат, «XXI ғасыр көшбасшысы» жобасының жеңімпазы:

- Жарыстағы жеңімпаз болуға деген баспалдақтар өте қиын жолдан тұрды деп айтамын. Қазіргі эмоцияны сөзбен айтып жеткізу өте мүмкін емес. Себебі жүзден жүйрік шығып, мыңнан тұлпар атанып, абсолютті жеңімпаз атанғандықтан өзімнің еңбегімнің ақталғанын көргендіктен өз-өзіммен және ата-анамның үмітін ақтағаныма өте мақтанып тұрмын.

Нұрқанат айтқандай кіл мықтылар түскен білім бәйгесі қызу өтті. Зияткерлік жобаға жалпы 15 мыңнан аса бала қатысқан. Соның 108-і республикалық кезеңге, яғни телевизиялық бағдарламаға жолдама алды. Жартылай финалға 18, ал ақтық ойында 6 қатысушы көшбасшы болу үшін бақ сынады. «Хабар» агенттінің көздегені де осы. Жоба дарынды, озық ойлы жастарды анықтап, оларға қолдау білдіреді. 

Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:

- Жәй ғана байқау деп қабылдауға болмайды. Себебі осы жоба арқылы, осы жобаға қатысып өскен азаматтардың барлығы расында да осы өмірде орындарын тауып, белсенді қызмет етіп жүрген азаматтар. Тап солай бүгінгі де қатысушылар бүгінгі жеңімпаздар, менің ойымша, болашақта нағыз көшбасшылар болатынын жобаның деңгейі айтып тұр. Бұл тың идеяларға жол ашатын нағыз көшбасшыларды шыңдайтын, дайындайтын үлкен жоба.

Нұрқанат Қанаттан кейінгі екінші және үшінші орындарды астаналық Саят Қалтай мен алматылық Зағипа Құттыбай бөлісті. Олар да Ғылым және жоғары білім министрлігі тағайындаған білім грантына ие болды. 

Жанна Есенбаева, ҚР ҒЖБМ комитет төрағасының орынбасары:

- Бірінші орынға ие болған жеңімпазымыз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің грантын немесе Гумилев атындағы Еуразия университетінің грантын немесе Сүлеймен Демирел атындағы университетінің  грантын таңдай алады. Кез келген 3 университеттің бірін таңдайды. Одан кейін кезек екінші орын алған біздің жеңімпазға беріледі. Екінші жеңімпазымыз таңдағаннан кейін біз қалған грантты 3-орын алған жеңімпазға табыстадық.

Бұл дода  жастардың білімге деген қызығушылығын арттырады. Ақыл-ой қабілеті мен танымдық деңгейін көтереді. Яғни басты мақсат зияткерлік деңгейі жоғары, көшбасшылық қасиеті дамыған, бәсекеге қабілетті тұлғаны тәрбиелеу. 

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz