RU
Толық нұсқаға өту
Фото: kaznuvhi_university

Қазақстанда су шаруашылығы мамандықтарына 840 студент қабылданды

01.09.2026, 11:02 22

Жаңа оқу жылында Қазақстанның жоғары оқу орындарына су шаруашылығы саласына қатысты мамандықтарға 840 студент қабылданды. Осылайша, еліміздегі университеттерде су саласының мамандықтарын меңгеріп жатқан студенттердің жалпы саны 3 мыңнан асты, деп хабарлайды «24KZ».

Бүгінде су шаруашылығы бағытындағы мамандарды 13 жоғары оқу орны мен 10 колледж даярлайды. Орта арнаулы оқу орындарында осы салада 800-ден астам студент білім алып жатыр. Оның 100-ден астамы биыл оқуға түскен.
Су саласына кадр даярлайтын оқу орындарының саны соңғы жылдары артқан. 2023 жылы елімізде су шаруашылығы мамандарын даярлайтын 9 жоғары оқу орны мен 6 колледж болса, қазір олардың саны тиісінше 13 және 10-ға жетті.

Бұл бағыттағы білім беру гранттарының саны да көбейді. 2023-2024 оқу жылында су саласы мамандықтарына 262 грант бөлінсе, 2024-2025 оқу жылында олардың саны 390-ға жетті. Ал өткен оқу жылында 1000 грантқа дейін ұлғайтылды.

Студенттердің өндірістік тәжірибеден өту мүмкіндігі де кеңейіп келеді. Мәселен, «Қазсушар» РМК кәсіпорындарында 2024 жылы 82 студент тәжірибеден өтсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 470-ке жеткен. Биыл 700-ден астам студент өндірістік тәжірибеден өтті.

Сонымен қатар Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында шетелдік университеттермен бірлескен қос дипломды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Олардың қатарында Солтүстік Қытай электр энергетикасы университеті, Венгрияның Корвинус және Обуда университеттері, сондай-ақ Өзбекстанның Ташкент ирригация және ауыл шаруашылығын механикаландыру инженерлері институты бар.

Су ресурстары және ирригация министрінің міндетін атқарушы Нұржан Нұржігітов Білім күніне орай оқушылар мен студенттерді құттықтап, су саласы үшін білікті мамандар даярлаудың маңызын атап өтті.

Бүгін алған білім болашақ кәсіби қызмет үшін маңызды негіз болады. Өз тарапымыздан министрлік сала қызметкерлерінің еңбек жағдайларын жақсарту бойынша қажетті шараларды қабылдап жатыр. Мәселен, екі жыл ішінде «Қазсушар» РМК-дағы орташа жалақы екі еседен астамға артты, – деді Нұржан Нұржігітов.


Оның айтуынша, қазіргі мамандардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Бұл бағытта шетелдік серіктестермен бірлескен оқыту бағдарламалары іске асырылуда.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz