Биыл Маңғыстау өңірінде 19 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барды. Облыс орталығында 6 мыңнан астам бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады. Өңірде туу көрсеткіші жоғары.
Бала саны көбейген сайын мектептерде орын тапшылығы болды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен соңғы бірнеше жылда заманауи үлгідегі 13 білім ордасы салынды.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Жаңа оқу жылында Маңғыстау облысында 742 білім ұйымы өз жұмысын бастады. 159-ы жалпы білім беретін күндізгі мектеп болса, тағы 54-і жекеменшік білім беру мекемесі оқушыларға есігін айқара ашты. Жалпы биыл өңірде 19 мың 500-ден астам бала бірінші сыныпқа қабылданды. Соның ішінде 6 мыңнан астам баланың өтініші Ақтау қаласы бойынша тіркелген. Ата-аналардың көбі құжаттарды электронды портал арқылы рәсімдеген.
Бибігүл Көшетова, қала тұрғыны:
- Заман талабына сай шығар. Біздің Ақтау қаласы өсіп-өркендеді. Бірнеше мектептер салынды. Қаланың өзінің ауқымына байланысты қазір көшіп келушілер көп. Жаңа үйлер салынып жатыр. Мысалы, бір ауысымда оқыса деген менің ойым бар.
Айбаршын Өтесбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Ақтау қаласы бойынша 36 мемлекеттік мектеп және 30 жекеменшік білім беру ұйымдары жұмыс жасайды. Былтырғы оқу жылында 2 «Келешек мектебі» ашылған болатын. Жалпы Ақтау қаласында 6 «Келешек мектебі» бар. Жылдан жылға балалар мектепке көптеп келуде. Соның ішінде №17 шағын аудан, №19 шағын аудан, №30, №32 шағын аудандарда мектептерге сұраныс өте жоғары.
Талғат Исламұлы, тілші:
- Мамандардың айтуынша, аймақта жыл сайын орта есеппен 20 мыңдай бала мектепке қабылданады. Үш аусыммен оқытатын мектептер мәселесі әлі де өзекті. Бұған дейін облыста 3 білім беру мекемесі 3 аусыммен білім берді. Оқушылардың біразы тұрғылықты мекен жайы бойынша 16 шағын аудандағы жаңа мектепке ауысқаннан кейін, №12 мектеп биыл екі ауысымға көшті. Айта кету керек, демографиялық өсім қарқынды өңірде 9100 орынға есептелген 7 мектептің жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр. Сондай-ақ қолданыстағы 3 білім беру ұйымының әрқайсына 800 орындық қосымша ғимарат салу жоспарланған.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев
Тегтер #хабар24 #Келешек мектептері #АқтауPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz